Төтенше жағдай тәртібін бұзғандар сотталып жатыр

Қысқаша

Cот құзырлығымен 54 жайттың 25-іне шешім шығарылып, 26 мың 510 теңгеден айыппұл салынған.

беташар.jpg

Төтенше жағдай кезінде заң бұзғандар бойынша облыс орталығы Түркістанда 12 жайт анықталып, көш бастап тұр. Ал Арыс пен Шардарада – 6, Кентау мен Келесте – 4, Жетісай, Шардара мен Мақтааралда – 3, Сайрам мен Қазығұртта – 2, Төлеби, Отырар, Ордабасы және Түлкібаста 1 жайттан тіркелген. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі Түркістан облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Мемлекет басшысының қаулысымен осы жылдың 16 наурызы мен 15 сәуірі аралығында республикамызда төтенше жағдай жарияланған болатын. Осыған байланысты Түркістан облысының әкімдігі де кешенді шаралар жоспарын қабылдады. Соның негізінде облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Күндізгі және түнгі рейдтік жұмыстарды жүргізіп, төтенше жағдай кезінде іске асырылатын талаптардың сақталуын қадағалауда. Осындай үздіксіз жүргізілген шаралардың барысында облыс полицейлерімен төтенше жағдай режимін бұзған азаматтар анықталып, оларға хаттамалар толтырылды.

Мәселен, Сарыағаш ауданында екі бірдей дәмхана иесіне айыппұл салынса, Мақтааралда беташар өткізген 3 бірдей тұрғынға қатысты шара көрілген. Сақшылар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы «Төтенше жағдай режимiн бұзу» бойынша хаттамаларды толтырып, құжаттарды дер кезінде қалалық, аудандық соттарға жолдады.

Сондай-ақ айта кету керек сот құзырлығымен 54 жайттың 25-іне шешім шығарылып, 26 мың 510 теңгеден айыппұл салынған. Оған қоса 4 жайт «Еріктілердің» анықтауымен тіркелген.

Бүгінде әлемді шарлап бара жатқан індеттің қауіптілігі ескеріліп, тұрғындардың сақтық шараларын сақтауы барынша қадағалануда. Сондықтан облыс полицейлері ескертеді: төтенше жағдай кезінде заң талаптарына сәйкес әрекет етіп, мүмкіндігінше медицина мамандарының  айтқан талаптарын қатаң ұстанған дұрыс. Әрбіріміз мұндай шаралардың атқарылып жатқандығы ең алдымен өз қауіпсіздігіміз үшін маңызды екендігін ұмытпайық!

    A+
Уақыты: 2020-03-27  Айдарша: Құқық
TAG: