Төтенше жағдай тәртібін бұзғандарға 54 әкімшілік шара көрілді

Қысқаша

Түркістан облысында төтенше жағдай енгізілуіне байланысты заң талаптарын сақтамаған

Түркістан облысында төтенше жағдай енгізілуіне байланысты заң талаптарын сақтамаған тұлғаларға қатысты 54 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылса, коронавирусқа қатысты жалған ақпарат таратқандардың үстінен 7 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыс әкімдігі жанынан құрылған жедел штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігінің Түркістандағы тілшісі.

Бұдан бөлек, тұрғындарға облыс аумағында барлық елді мекендерде той-томалақ жасамау керектігі түсіндіріліп, өткізген жағдайда қатаң жауапкершілікке тартылатын ескертілді. Сонымен қатар, Түркістан облысы полиция департаментіндегі жеке құрамның  қызметі ерекше жағдайға көшіріліп, тоқтаусыз жұмыстар жүргізілуде. Ондағы мақсат – қоғамдық тәртіптің сақталуы. Осы мақсатта облысымыздағы аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық, режимдік әрі ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін, көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін нысандар  толық күзетілуде.

Ал, Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа да қалалар мен облыстардан  келген азаматтарды, көліктерді тексеріп өткізу мақсатында  ұйымдастырылған Түлкібас ауданында «Шақпақ»  және Кентау қаласы аумағындағы «Сауран» блокпосттарында азаматтарды есепке алу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін аталған бекеттерден 13296 автокөлік пен 35976 азамат тексеріліп өткізілген.

    A+
Уақыты: 2020-03-27  Айдарша: Құқық
TAG: