Полицейлер жоғалған малды 40 шақырым жердегі жайлаудан тапты

Қысқаша

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға жеке мүліктеріне, күн көріс көзіне айналған малдарына қырағы болу керектігін ескертеді. Мал ауладан шығып кетіп, жоғалмас үшін қора-жайларды сенімді қоршаулармен бекітіп, жарықтандырумен қамтамасыз еткен дұрыс.

90892316_857638401378516_8164669736626421760_n.jpg

Түрікстан облысының полицейлері арызданған тұрғынның жоғалған үш сиырын тез арада тауып берді. Қуанышы қойнына сыймаған мал иесі Түлкібас аудандық Полиция бөліміне келіп, сақшыларға алғысын білдірді.

Елде мал ұрлығының өршуіне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен қолданыстағы заң қатаңдатылған еді. Түркістан өңірінде облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Полиция департаменті қызметкерлері заңға енгізілген сол өзгерістерді халыққа түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Дегенмен, малдың ұрлануына не жоғалуына көбіне төрт түлік иелерінің салғырттығы себеп болуда. Соның бірі – түлкібастық тұрғын түннің бір уағында қорадан жоғалған малын тауып беруді өтініп, аудандық Полиция бөлімінен көмек сұрады.

Полиция бөлімінің кезекшілігіне арызданушының айтуынша, түнгі уақытта үйінің ауласындағы қорасынан үш сиыры жоғалып кеткен. Шұғыл іздестіру шараларына жұмылдырылған аудандық жергілікті полиция қызметі, учаскелік полиция инспекторлары мен жедел уәкілдер топ-топқа бөлініп, малды іздеуге кірісті. Тез арада табу мақсатында полиция қызметкерлері арасынан мобильді топтар құрылып, көлікке мінген полицейлер ауыл сыртын тінтуге көшеді. Осындай нәтижелі істердің аясында жоғалған үш ірі қара арызданушы арызданған күні 40 шақырым жердегі жайылымнан табылды.

– Малым жоғалып полицияға арызданған болатынмын. Учаскелік полиция инспекторлары Қуанышов пен Қасқырбеков жоғалған малымды тауып, қайтарды. Полицейлердің жедел әрекет етуіне алғысымды білдіріп, мерекелерімен құттықтаймын. Рахмет сіздерге! – деді мал иесі жергілікті тұрғын.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға жеке мүліктеріне, күн көріс көзіне айналған малдарына қырағы болу керектігін ескертеді. Малдар ауладан шығып кетіп, жоғалмас үшін қора-жайларды сенімді қоршаулармен бекітіп, жарықтандырумен қамтамасыз еткен дұрыс. Егер сіздің де малыңыз жоғалса немесе ұрланса тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыз. Уақыт өткізбестен дер кезінде берілген ақпар малдың тез табылуына көмек болмақ.

    A+
Уақыты: 2020-03-26  Айдарша: Құқық
TAG: