«Өзіңе сен» қайырымдылық концерті өтті

Қысқаша

Концерттің ашылу салтанатында құттықтау тілегін жеткізген «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Ерлан Айтбаев жас өнерпаздың өнер жолындағы мақсаттарының орындалуына тілектестік білдірді.

Screenshot_7.png

Шымкент қаласындағы «Жастар ресурстық орталығы» сарайында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай әншілік өнерімен талай қайырымдылық істердің ұйытқысы болған жас талант иесі Қалиев Салихтің «Өзіңе сен» атты онлайн қайырымдылық концерті өтті.

Концерттің ашылу салтанатында құттықтау тілегін жеткізген «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Ерлан Айтбаев жас өнерпаздың өнер жолындағы мақсаттарының орындалуына тілектестік білдірді. 

—«Өсем деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, жас әншінің өнерін сыйлап, талантын тамашалауға келген көпшілік қауымға алғыс білдіремін. Салих Қалиев тағдырдың талқысына түссе де мойымаған жан. Өзімен қатарлас жастармен иық тіресе араласып, қоғамда өзін белсенді қырынан танытып жүрген жас талант. Ендеше әнімен жүректерді баураған өнерпаздың қайырымдылық іс-шарасына қолдау білдіріп, құрмет көрсетуіміз керек, - деді қала жастарының жетекшісі Е.Айтбаев.

Концерт иесі Салих Қалиев жетімдер үйінің түлегі. Бала кезінен әншілікті  жанына серік етіп, осы өнерімен көпшіліктің ықыласына бөленген жан. Әншіні көпке танымал еткен тағы бір қасиеті оның қайырымдылық бастамалары. Оның «Бір үміт», «Анаға сағыныш» атты концерттік бағдарламаларынан түскен қаражаттар кезінде талай мұқтаж отбасылардың шаңырағына шаттық сыйлады.

— Әнші болуды бала кезден армандадым. Алға қойған мақсатыма жету үшін көп еңбектендім. Түрлі сахналарда өнер көрсетіп, әншілік қабылетімді шыңдауға бар күш-жігерімді салдым. Кәсіби маман атану үшін лайықты білім алуға талпындым. Сөйтіп М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың өнер кафедрасына оқуға түсіп, мәдени іс-шаралар ұйымдастырушы мамандығы бойынша диплом алып шықтым. Осы ретте менің талантымды ашып, шабытыма қанат бітіріп, әншілік өнерге қадам басуыма көп еңбегін сіңірген Кентау қаласындағы салалық колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, өмірдегі ұстазым Эльмира Әмірхановаға ерекше алғысымды айтамын. Ендігі арманым үлкен сахналарда ән шырқап, осы өнердің биік шыңын бағындырсам деймін, - деді талантты өнерпаз сұхбат барысында.

Әншінің жеке репертуарындағы туындылардан бөлек концертте халықаралық би байқауларының лауреаты «Қазына» би ансамблі секілді өнер ұжымдары да сахна көрігін қыздырды. Ал, қайырымдылық іс-шарадан түскен қаражат бұл жолы Салих Қалиевтің өзіне жұмсалмақ. Жас өнер иесі бұл қаржыны өзіне пәтер алу үшін «Отбасы банкінің» бастапқы жарнасына жаратпақ.


    A+
Уақыты: 2021-10-29  Айдарша: Өңір
TAG: