Ғалымдар Шымкенттің тарихын талқылады

Қысқаша

Сондай-ақ, тәжікстандық тарихшы-ғалым Набиджон Рахимов «Ферғана-Сырдария дәлізінің коммуникация жүйесіндегі өзен жолы»» туралы баяндама жасады. Ол Ұлы Жібек жолындағы сауда керуенінің тек дала жолымен емес, су жолымен де дамығанын атап өтті.

Screenshot_10.png

«Ұлы Жібек жолы тарихындағы Шымкенттің ЮНЕСКО-ның мәдени мұра жүйесіндегі орны мен рөлі» халықаралық кездесуінің аясында «Шымкент Жібек жолының тарихи-мәдени кеңістігінде»  тақырыбында пленарлық отырыс өтті.  Оны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті мәдени-тарихи мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиева жүргізіп отырды.

Отырыс барысында М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Серік Жүнісбаев «Шымкент ХІХ-ХХ ғасырларда: тарихи очерктер»  тақырыбында баяндама жасады. Ғалым тарихи очерктердегі Шымкенттің тыныс-тіршілігін баяндайтын үзінділер арқылы көне қала бейнесін сипаттап берді.

— Очерктердің бірінде «Шымкент Орынбор мен Ташкенттің арасындағы айрықша маңызға ие екінші қала. Табиғаты жайлы, суы мол аймақ»  деп сипатталған,  - деді ол.

Сондай-ақ, тәжікстандық тарихшы-ғалым Набиджон Рахимов «Ферғана-Сырдария дәлізінің коммуникация жүйесіндегі өзен жолы»»  туралы баяндама жасады. Ол Ұлы Жібек жолындағы сауда керуенінің тек дала жолымен емес, су жолымен де дамығанын атап өтті. 

— Сырдария өзені Ферғана,  Шымкент,  Исфиджаб,  Сайрам өлкесіне дейін керуен жолын жалғаған. Археологиялық зерттеулер Худжанд,  Моншақтепе, Қосдиірмен, Шыназ, Сығанақ және Шымкент секілді қалалар Сырдария өзенінің бойындағы үлкен сауда орталықтары болғанын көрсетеді, – деді Н.Рахимов.

Қырғызстандық ғалым Бақыт Аманбаева «Ұлы Жібек жолының Ферғана-Сырдария дәлізінің әртүрлі учаскелерін және ұсынылатын объектілердің типологиялық әртүрлілігін үйлестіру»  тақырыбында, ал, Түркіменстан Ғылым Академиясының тарих және археология институты директорының орынбасары Хан-Дурды Курбанов «Түркіменстан және Ұлы Жібек жолын жаңғырту: ежелгі және қазіргі заманғы даму» тақырыбында баяндама жасады.

Айта кетейік, халықаралық кездесу аясындағы тағы бір пленарлық отырыс «Шымкент қаласының археология, этнография, мұражайтану мәселелері» тақырыбында өрбіді.


    A+
Уақыты: 2021-10-26  Айдарша: Өңір
TAG: