Нұртас шағынауданы сапалы ауызсумен қамтылуда

Қысқаша

Нұртас шағынауданындағы жаңа құрылыс аумағын сапалы ауызсумен қамту бойынша биыл маусым айында құрылыс жұмыстары басталған болатын.

Screenshot_10.png

Бүгінде халықты сапалы ауыз сумен қамту ең маңызды әлеуметтік мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан тіршілік көзін қолжетімді ету үшін қалада кешенді жұмыстар атқарылуда. Қала тұрғындарының қолайлы және жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында қала әкімі ауыз сумен қамту мәселесін жіті бақылауына алған.

Нұртас шағынауданындағы жаңа құрылыс аумағын сапалы ауызсумен қамту бойынша биыл маусым айында құрылыс жұмыстары басталған болатын. 

Мердігер мекеме «TURAN ENERGO GROUP» ЖШС тарапынан жүргізілген құрылыс жұмыстарының бүгінде 90 пайызы аяқталды. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 40,8 шақырым ауызсу құбырының бүгінде 38 шақырымы орнатылды.  

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2021 жылдың қараша айында құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, Нұртас шағынауданындағы 850-ге жуық абонент сапалы ауызсумен қамтылатын болады.

Жалпы, 250 мың халық тұтынатын ауыз су жүйелерінің сапасы артады дейді мамандар. Қазір қаладағы 81 елді мекеннің 69-ы су құбырларымен қамтылған. Ал 5 елді мекенге ауыз су кестемен беріледі, 7 елді мекеннің тұрғындары ауыз суды тасымалдап ішеді екен. Жыл соңына дейін 3 магистралді, 11 ішкі орамдық су жүйелерінің құрылыстары аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде су тасымалына тәуелді және ауыз суы кестемен берілетін 9 елді мекен ауыз суға қол жеткізеді. Жауаптылар 2023 жылы Шымкент қаласында ауыз су мәселесі толықтай шешіледі дейді.


    A+
Уақыты: 2021-10-25  Айдарша: Өңір
TAG: