Шымкент қаласында туристік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Е.Қыдыровтың айтуынша, шаһардағы туристік индустрия нысандарына талдау жүргізілген. Басқарма тарапынан қонақ үй басшыларымен кездесу өткізіліп, мемлекеттік қолдау тетіктері туралы түсіндіру жұмыстары қолға алынған.
Басқарма басшысы 9 айда атқарылған жұмыстарды қорытындылау есебінде бұл бағыттағы жұмыстарға тоқталып өтті.
Өз кезегінде туристік бизнес өкілдері тарапынан өз кәсіптерін жаңғырту және кеңейту үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдіктер және қолжетімді қаржыландыру алуға ниет білдіріп отыр. Қазіргі таңда қала аумағында инвестиция көлемі 2,4 млрд теңгені құрайтын 6 қонақ үйдің құрылысы жүргізілуде. Жобаларды 2021-2022 жылдар іске қосу жоспарланған.
Елімізде туристік саланы дамыту бағдарламасына сәйкес, шетелдік туристерді тіркеу, есепке алу, туристік ағынды талдау және көші-қон бақылауын жүзеге асыруға бағытталған «E-Qonaq» электронды жүйесі іске қосылған болатын. Бұл жүйе миграциялық полиция қызметін онлайн түрде ұсынатын платформа болып есептеледі. Бүгінде Шымкент қаласындағы 65 қонақ үйде аталған электронды жүйе орнатылды.
Сонымен қатар, туризмді дамытуға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында қаланың 6 туристік нысанының аумағында (Әл-Фараби алаңы, Бәйдібек би ескерткіші, Наурыз алаңы, Дендросаябақ, Цирк, Ордабасы алаңы) автобустарға арналған «Bus stop» тұрақтары жасалды.
Тұрақтар экскурсиялық топтарды алып жүрген автобустарға арналған аялдама қызметін атқарады және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды.