Түркістан облысы Сайрам ауданының кәсіпкерлері быилғы жылдың алғашқы 6 айында алыс-жақын шетелдерге жалпы көлемі 9374 тонна ет экспорттаған. Оның 8571 тоннасы ірі кара мал еті болса, 803 тоннасы қой еті.
Жалпы ауданда жылдан жылға мал бордақылау алаңдарының артып келе жатқанын ескерер болсақ, алдағы уақытта қазіргіден де мол ет өндіріледі деп айтуға болады. Мәселен, қазірдің өзінде аудан көлемінде 1012 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Бұл алаңдар бір мезетте 42 мың бас малды бордақылауға қауқарлы.
Одан бөлек, ауданда мал сою және ет өңдеу цехтары да жолға қойылған. Мысал ретінде «Қайып Ата» мен «Nurym Group» серіктестіктерін айтуға болады. Қос фермада дамыған елдердің соңғы үлгідегі құрал-жабдықтары мен ет өндіру, өңдеу саласының озық технологиясымен жұмыс істейді.
Ал, Құтарыс ауылдық округіне қарасты Оймауыт елді мекенінің тұрғындары егістік жерлерінен екінші өнім алуға дайындығын бастап кетті. Ағын су тапшылығына қарамастан олар өз әрекеттерін жасауда.
Арыс өзенінен бастау алатын «Боз Оймауыт» каналына су деңгейі көтерілмей қалуына байланысты ауылдық әкімдіктің ұйымдастыруымен каналдың бастау алатын арнасы Арыс өзені жағалауының ең төмен орнатылған жеріне дейін қазылды.
Ауыл азаматтары да қарап отырмай, асар жолымен сол арнаға Арыс өзенінің суын бұру үшін қамыстан уақытша бөгет жасап, егістік алқаптарына ағын су жеткізуде. Екінші өнім алатын күн алыс емес. Біріге жұмылған тірлік нәтижесіз болмайды.