Сайрам ауданында жарты жылдық көптеген жұмыстар жүзеге асты. Атап айтсақ, бағдарламаның белсенді шараларына жүгінген ауданның 4749 тұрғыны нәтижелі жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 1108 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 187 азамат уақытша сипатта ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды.
Сондай-ақ 309 жас түлек бастапқы кәсіби тажірибе алмасу үшін жастар практикасымен қамтылса, 1062 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарымен қамтылды.
Айта кетсек 310 азамат бастау бизнес жобасы аясында кәсіпкерлік оқу курстарын аяқтады. Бұл бағыттағы қолдау шаралары алдағы уақытта жалғасын таба бермек.
Биылғы жылы бағдарлама аясында 450 отбасына 262 млн 530 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант қаражаттары ұсынылып, өз кезегінде ынталы кәсіпкерлердің аяққа нық тұруы үшін қолдау шаралары көрсетілді. Отбасылық бизнестің көзін тапқандар да аз емес. Грант қаражатымен қамтылғандардың қатарында 329 азамат өз қаражатын мал шаруашылығын дамытуға бағыттаса, 108 отбасы үй іргелік егістік алқабына тамшылатып суару технологиясын орнатып, өз кәсібін дөңгелетуде.
Ауданда барлық шаруашылықтарда мал басы көбейген. 6 айда ет өндірісі 9,3%-ға, сүт – 5%-ға, жұмыртқа – 5,5%-ға артты.
Жыл басынан аудан кәсіпкерлері алыс-жақын шетелдерге жалпы көлемі 9250 тонна ет экспорттаған, былтырғы жылға қарағанда 4,5 мың тоннаға артық.