Түркістан облысы Келес ауданындағы «Жеңіс» саябағы жаңартылып, ойын алаңшасы ашылды. Демалыс орнына жарықшамдар мен келушілердің көңілін сергітетін мүсіндер орнатылған. Сондай-ақ, қазақи нақыштағы киіз үйде тамақтану орындары тұрғындарға қызмет көрсетпек.
- «Қазіргі таңда 20-ға жуық азаматты жұмыспен қамтып отырмыз. Барлығы аудан жастары. Алдағы уақытта қайырымдылық акциясын өткізуді дәстүрге айналдыру жоспарда. Әр айдың соңғы жұмасында аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалардың көңілін сергіту мақсатында балмұздақ таратып, барлық аттракциондар тегін қызмет көрсететін болады», - деді кәсіпкер Еркін Қадірбекұлы.
Айта кетейік, саябақта жарықтандыру, суару жүйесі толығымен автоматтандырылған. Сонымен қатар, заман талабына сай заманауи сахна салынады деп жоспарланған. Бұдан бөлек, саябақ аумағы кеңейтіліп, ағаштар егіліп, абаттандыру мәселесіне де көңіл бөлінбек.
Сондай-ақ, Келес ауданында ескі бағаналар жаңартылуда. Бүгінге дейін жоғары кернеулі желі тіреулері мен электр бағаналары алмасты. Жөндеу жұмыстарын «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС есебінен жүргізуде.
«ОңтүстікЖарықТранзит» мекемесінің 2021 жылға жоспарлаған инвестициялық бағдарламасы Келес ауданында қарқынды жүріп жатыр. Аудан бойынша Біртілек ауылдық округінің Керегетас, Оразата елді мекендері сондай-ақ Абай ауылындағы Арал мөлтек ауданындағы ескірген ағаш бағаналары темірбетон бағаналарымен алмастырылады. Сонымен қатар кернеуі 0,4 киловольттық электр сымдары да жаңаланады.