Түлкібас пен Жетісай ауданында жолдар жөнделіп жатыр

Қысқаша

Түлкібас пен Жетісай ауданында жолдар жөнделіп жатыр

Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы 6 елді мекенде биыл жартыжылдықта 12 шақырымға жуық аяқжол салынды. Атап айтқанда, Азаттық ауылы, Састөбе кенті, Амангелді ауылы,Шұқырбұлақ ауылы, Арыс және Балықты ауылдық округтерінде жұмыстар атқарылған. Аудан тұрғындары тарапынан жиі көтеріліп жүрген мәселе бойынша жергілікті әкімдік тиісті шешім қабылдап, биыл сәуір айында жол құрылыс жұмыстары басталған. Тұрғындар атқарылған жұмыстарға алғыстарын білдіруде. Алдағы уақытта аудан аумағындағы басқа да елді мекендерге аяқжолдар салу жұмыстары жүргізілетін болады. Бірінші кезекте қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында халық көп шоғырланған және көлік қозғалысы жиі жолдардың бойындағы елді мекендерге басымдық берілмек.

image.png

Ал, Жетісай ауданында биыл ұзындығы 32,8 шақырымды құрайтын 38 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда оның 25,7 шақырымды құрайтын 32 көшесі толық аяқталған. Елді мекен көшелерін орташа жөндеуден өткізуге облыстық және жергілікті бюджеттен қаржы қаралып отыр.

Сондай-ақ, «Ауыл – Ел Бесігі» бағдарламасы аясында Асықата кенті және Қазыбек би, Өркенді, Достық елді мекендері бойынша 41,9 шақырымды құрайтын 67 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 8 көшедегі 6,6 шақырымдағы жұмыстар толық аяқталған.

Бұдан бөлек, аудан бойынша жалпы ұзындығы 13,2 шақырымды құрайтын 24 көшеге ағымдағы жөндеу (тас төсеу) жұмыстары жүргізілген. Көшелерге аяқжол салу бойынша 5,47 шақырымды құрайтын 6 көшеде тиісті жұмыстар атқарылуда.

Айта кетейік, Жетісай ауданындағы көлік жолдарының жалпы ұзындығы 365,3 шақырымды құрайды. Оның 43,6 шақырымы – республикалық, 210,4 шақырымы – облыстық, 111,3 шақырым – аудандық маңызы бар жолдар .