Қазығұрт ауданында өткен «Мал аздығымен қамтамасыз ету және астық ору барысы» туралы көшпелі мәжілісте өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 845 мың гектарға егілгенін мәлім етті. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру шеңберінде биыл мал азықтық дақылдардың көлемі 4,1 мың гектарға артып 217 мың гектарға егілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, егіс науқанына 20 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникалары тартылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы тарапынан дала жұмыстарына 900-ден астам агроқұрылымға 4,6 млрд. теңге несие берілді.
«Ауыспалы егін егу тәсілін сақтай отырып, жаңа нөлдік технологиямен өнім алуды Түркістан облысында дамыту қажет». Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауыл округі, «Сапа-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін ору науқанымен танысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осылай деді. Ауыспалы егіс – топырақ құнарын сақтау және арттыру, тұрақты мол өнім алу мақсатында дақылдарды және танаптарды алмастырып отыру жүйесі.
Дақылдар алмастырылып егілгенде, өнім көрсеткіштері жақсарады, жердің құнарлылығы артады, топырақ эрозиясы төмендейді, егістіктің ластануы, зиянкестер мен ауру қоздырғыштардың көбеюі азаяды. Қазығұрт ауданында жалпы егістік көлемі 100 мың гектардан асады. Көктемгі дала қорытындысымен меже 100 пайызға орындалып, аудан толығымен астық тұқымдарымен қамтамасыз етілген.