Қала әкімі М.Әйтенов Президент жанындағы орталық коммуникациялық қызмет алаңында өткен баспасөз брифингінде Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында мәлім етті.
Шалғай аудандардағы инфрақұрылым мәселесін шешу басты назарда тұрғанын жеткізді. Мәселен, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін үш магистралдық және он елді мекенге ауыз су құбыры, кәріз жүйелері бойынша үш магистралдық және 16 ішкі орамдық нысандардың, табиғи газ бойынша №3 АГРС және екі магистралдық, 11 елді мекенге газ құбырлары, электр бойынша үш подстанция және 15 елді мекенге ішкі жүйелер құрылысы жүргізіліп жатыр.
Осы жылдың шілдесінде Бозарық қосалқы станцияның құрылысы аяқталады. Нәтижесінде биыл жыл соңында ауыз сумен қамту деңгейі 98 пайызға, газбен 93 пайызға, сапалы электрмен 97 пайызға жететін болады.
Шаһардың білім саласында да қуанышты жаңалық бар. Шымкент жаңа оқу жылын апатты мектепсіз бастайды. Яғни үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға дейін төмендейді. Қала әкімінің айтуынша мұнда инвесторлардың үлесі зор болып отыр.
Қазір қалада 18 732 орындық 32 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 10 222 орындық 20 білім ұясы пайдалануға беріледі. Оның 16-сы жеке инвесторлардың есебінен салынып жатыр. Жалпы 2025 жылға дейін үшінші мегаполисте 68 500 орындық 72 мектеп бой көтереді деп жоспарлануда.