Президент Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында "Оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту еліміздегі орта білім беру ісінің басым бағытына айналуға тиіс. Баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы мектеп қабырғасында қалыптасу керек. Ал кітапхана оқушының сол ынтасын оятып, оны қызықты кітап әлеміне жетелеуі қажет, -дей келе, отандық кітапханалар өздерінің ағартушылық рөлін жоғалтпай, заманауи талаптарға сай болуы тиіс екенін қадап айтқан болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Шымкент қаласында 6 бірдей кітапхана жаңарып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов Президент жанындағы орталық коммуникациялық қызмет алаңында өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
«Мәдениет саласында кітапхана желісін жаңғыртуға көп көңіл бөліп отырмыз. Бүгінгі таңда алты кітапхананы модернизациядан өткіздік. Оның ішінде орталық әл-Фараби кітапханасы бар. Жыл соңына дейін тағы төрт кітапхананы жаңғырту жоспарда тұр. Өздеріңізге баяндағанымдай, кітапханалар «отбасылық кітапхана» концепциясымен дамып жатыр». Осылай деген Шымкент қаласының әкімі қала тіршілігінде мәдениеттің алар орны ерекше екендігін айтты.
1 мамырда қаланың негізгі туристік нысанына айналуға мүмкіндігі жоғары «Шымқала» тарихи-мәдени кешені ашылған. Қазіргі уақытта кешенді музейлендіру жұмыстары жүргізілуде. Тарихи кешенде хауыз, аспан асты кинотеатр, музей болады.
Сондай-ақ, «ShymQala» этноауылы да ел игілігіне берілген. Этноауылда жыл бойы қала тұрғындары мен қонақтарына түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілетін болады.