"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі қазақстандықтарға интернетке және 4G (болашақта 5G) мобильді байланысына барлық жерден кең жолақты қолжетімділік ұсынатын инфокоммуникациялық инфрақұрылымды кеңейту болып табылады. Яғни тұрғындарға интернет қолжетімді болуы керек. Себебі қазір мемлекетімізде барлық сала интернетке қосылып, онлайн қызмет көрсету жүйесіне көшуде. Сондықтан бүгінде интернетке әрбіріміз мәжбүрміз.
Осы ретте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес қоғамдық орындарға тегін Wi-Fi нүктелерін орнату жоспарланғанболатын. Жоспар тек сөз күйінде ғана емес бүгінде іс жүзінде орындалуда. Оған дәлел шаһарда 10 қоғамдық орынға 30 тегін Wi-Fi нүктелерінің орнатылуы. Қазір қалалық цифрландыру басқармасы тарапынан тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, Бәйдібек би ескерткішінің алаңы – 2, Шымкент қаласы әкімшілік ғимаратының артындағы парктің алаңы – 4, Назарбеков-Бәйдібек би көшелерінің қиылысы Нұрсат аллеясы – 2, «Қызғалтақ» субұрқағы – 2, Арбат – 4, Нұрсат №130 мектеп артындағы аллея – 2, Наурыз алаңы – 4, Жерұйық саябағы – 4, Шәмші аллеясы – 2, Дендросаябақ – 4 Wi-Fi нүктесі орнатылды .
Wi-Fi құрылғыларына қосылу үшін “Aimaq Wi-Fi”-ды таңдаймыз, әрі қарай “Aimaq Wi-Fi” веб-парақшасына өтеміз. Веб-парақшада өз нөміріңізді тіркеп, нөміріңізге түскен смс-кодты енгізесіз.
Айта кетейік, қазіргі таңда еліміз - интернетке қолжетімділік бойынша әлемде көшбасшылардың бірі. Елдегі интернеттің тартылу деңгейі - 86,8 пайызды құрап отыр.