Сайрам ауданында тұрғындардың талап-тілектеріне орай елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, осы саладағы проблемаларды оңтайлы шешу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы мақсатта Қарасу ауылы Төлеби көшесінің тұрғындарының шағымдарына байланысты, иесіз электр желілері мен бағаналарын заңдастыру мақсатында сот органдарына өтінім берілді. Қарасу ауылы Төлеби көшесін тұрақты электр жарығымен қамтамасыз ету үшін меншік иесі танылған соң сметалық құжаттамалары дайындалып, бюджетке тиісті қаражат қарастыру үшін құжат тапсырылады.
Сот шешімі шыққанға дейін тұрғындар жарықпен отыруы үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан ағымдағы жылдың 24 маусымына дейін 4 дана электр бағаналарын орнату жұмыстары қолға алынуда.
Сонымен бірге Көлкент ауылдық округіне қарасты ішкі көше жолдары орташа жөндеуден өтуде. Соның бірі – тұрғындардың көптен бері басты мәселесіне айналған Ақсуабад елді мекеніндегі Тұмар және Тәуелсіздік-1 көшелерінің ескі тас жолдары.
Бүгінде бұл көше жолдары кеңейтіліп, асфальт төселді. Салынып жатқан жол сапасы Көлкент ауылдық округінің әкімі У.Юлдашовтың және тапсырыс беруші мекеме Сайрам аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарының бақылауында.
Айта кетейік, жыл соңына дейін 5 көшеге осындай орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.