Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исаховтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Онда Мақсұт Пернебайұлы қаланың стратегиялық дамуы аясында (спорт, туризм, жол құрылысы, транспорт, цифрландыру, қала орта сапасы мен оны бақылау және еңбек инспекциясы салалары) атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Ең алдымен өзім жетекшілік ететін салалардың ауқымды жұмыстарына қысқаша тоқталып кетсем. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 18 тасымалдаушы компания 79 маршрутта қызмет көрсетуде. Оның 57-і (73%) кешенді схемаға сәйкес келеді. Сондай-ақ, «Төлем» электрондық билеттендіру жүйесі іске қосылғаннан бүгінге дейін 26,8 млн. транзакция қарастырылып, 22,7 млн. теңгеге 80%-дан астам картамен төлем жасалды. Сондай-ақ, автобустарды онлайн режимде көруге мүмкіндік беретін «I-kolik» қосымшасы іске қосылды, - деді қала әкімінің орынбасары.
Спикердің сөзінше, спорт саласы бойынша қол жеткізген жетістіктер де қомақты. Бұл ретте жыл басынан бері шымкенттік спортшылар ҚР-ның чемпионаттары, кубогтары мен біріншіліктерге қатысып, 315 алтын, 239 күміс, 284 қола медаль жеңіп алған. Азия чемпионатары мен кубогтарында жерлестеріміз 3 алтын, 3 күміс, 3 қола медальге қол жеткізсе, Әлем чемпионаттары мен кубоктарында 1 алтын, 5 күміс және 7 қола медальге ие болған. Одан өзге, биыл айтулы шаралардың бірі - ХХХІІ-ші Жазғы Олимпиада Ойындары ағымдағы жылдың 23 шілде – 8 тамыз аралығында Токио қаласында өтеді. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының спортшылары Олимпиадаға 10 жолдаманы жеңіп алған.
Сонымен қатар Мақсұт Пернебайұлы Еңбек инспекциясының жұмыстарына да тоқталды. Айтуынша жыл басынан бері жұмыскерлерден 488 арыз-шағым мен түсіндірме беру жөнінде өтініштер қаралып, тиісті жауаптар қарастырылған. Мемлекеттік еңбек инспекторларымен 76 тексеру жүргізіліп, 89 заңбұзушылық анықталған. Оның 46-на нұсқама берілген. Тексеру нәтижелерімен 4,1 млн.теңге көлемінде 23 әкімшілік айыппұл салынып, 20 қозғалған әкімшілік іс бойынша 2,7 млн. теңге айыппұл өндірілді. Сондай-ақ, 33 кәсіпорындағы 1959 жұмыскердің 151,2 млн. теңге көлемінде жалақы қарыздарын төлеткізіп, жұмыскерлердің әлеуметтік құқықтары қорғалған.