Отбасы құндылығын, сонымен қатар отбасындағы ынтымақ пен өзара сыйластықтың өнегелі ұрпақ тәрбиелеудегі маңызын насихаттау мақсатында Түркістан облысы Ордабасы ауданында тағылымды шара өтті. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жеңіс ауыл округінде елге үлгілі, өнегелі отбасылар: зайыбы Нұртайқызы Қалданмен 52 жыл отандасып, 30 немере, 15 шөбере сүйген Қалдыбекұлы Жақсылықтың отбасы;
Дауылбаева Гүлжамалмен 39 жыл отандасқан Нұрмағамбет Бауыржанның отбасы;
Құрманбаева Розамен 30 жыл отандасып, 8 ұл-қыз тәрбиелеп отырған Сихенбаев Меңлібайдың отбасы жастармен кездесіп, шаңырақ жарасымын сақтау сырларымен бөлісті.
Сондай-ақ, шара барысында отбасындағы өзара сыйластық пен келісім, сабырлылық, ынтымақтастық орнағанда ғана бақыттың баянды болатыны айтылды.
Мәні терең басқосуға ауыл округінің әкімі Төреев Марат, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Тайтелиева Гулия, ауыл округі әйелдер кеңесінің төрайымы Батырбекова Жақсыкүл қатысып, әулетіне ұйытқы бола білген азаматтарға ризашылықтарын жеткізді. Отбасылардың немерелері ата-әжелеріне арнауларын жолдады. Жас отбасылар кездесуден алған әсері туралы толғанып, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Осындай ортбасыдағы татулық пен жарысымдылықты насихаттайтын шаралар алдағы уақытта да жалғасын тапса, нұр үстіне нұр.