Шымкентте жылдан-жылға бала саны көбейіп, білім ұяларына деген қажеттілік артып келеді. Қазір қалада жаңадан 4 мектеп салынуда. Оқушы саны артып отырған өзге мектептерде қосымша ғимараттар бой көтеріп жатыр. Жалпы 5 жылда 85 мектептің құрылысы жүреді. Қалада үш ауысыды мектеп мәселесінің оң шешімін табуға Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының септігі тиіп отыр дейді салаға жауапты мамандар.
Айталық қазіргі таңда Тұран шағынауданында жаңадан 1 мың 200 орындық мектептің құрылысы жүруде. Былтырғы шілде айында құрылысы қолға алынған білім ұясының ғимараты тамыз айында тапсырылады. Ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ауласы абаттандырылса, жаңа оқу жылына сақадай сай болып шыға келеді, дейді мердігер. «Жұмыс күші алдыңғы уақытта 30 адамнан басталған қазір мұнда 180 адам жұмыс істеп жатыр. Құрылыс материалдарының 80 пайызы Шымкентте өндірілген»,- дейді учаске басшысы Қуатжан Талипов.
Қазір Шымкенттегі Сайрам тұрғын үй алабы мен Тоғыс елдімекендерінде де су жаңа мектептердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал, оқушы саны шамадан артып кеткен білім ұяларының мәселесі қосымша ғимараттар салумен шешілуде. Салаға жауаптылар нысандардың сапасы талапқа сай шығуы үшін жан-жақты қадағалау жүргізудеміз деп сендірді. «Биылғы жаңа оқу жылына төрт, былтырғы жылдан өтпелі болған төрт мектеп пайдалануға беріледі. Қазір барлық нысандар өндірістік кестеге сай келе жатыр»,- дейді Шымкент қаласы құрылыс басқармасының маманы Дәулет Бекмұрат.
Жыл соңына дейін Шымкентте тағы 5 мектептің құрылысы қолға алынады. Бұл нысандар келесі жылға өтпелі дейді салаға жауаптылар. Оған қоса жекеменшік әріптестік аясында да мектеп құрылысы жүргізілмек.