Шағын және орта кәсіп иелерін қолдау үшін Үкімет қазынадан қыруар қаржы бөліп отыр. Бірақ, барды ұқсата алмағандардың салдарынан салада сан түрлі қиындықтар орын алды. 70 млрд. теңге игерілмей, кері қайтарылды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды.
Өнеркәсіпті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Инвестиция тарту және бизнесті мемлекеттік қолдау. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының негізгі бағыты осылар. Жиында сөз алған сала басшысы жыл бойы атқарған жұмысын жіліктеп жеткізді.
«Мемлекет қаржысының бір тиынына дейін есептеулі. Ақшаны шашау шығармай, шағын және орта кәсіпті дамытуға бөліп беру ісінде бармақ басты көз қыстылыққа жол жоқ! Бүгінгі жиынның мақсаты да осы. Пандемияда қаржыдан қағылған кәсіпкерлерді демеу үшін 70 млрд. теңге бөлінген. Бірақ оны үлестіруде шикілік бар»,- дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков.
Құқығы тапталған тоғыз кәсіпкер «I-komek» бірыңғай байланыс орталығы арқылы арыз қалдырыпты. Олар 100 пайыз қанағаттандырылды. Шара барысында басқарма басшысына өз саласы бойынша қоғамдық кеңес тарапынан бірқатар ұсыныс пікірлер білдірілді.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша қаулы қабылданды. Алдағы уақытта ұсыныстардың орындалуы бақылауға алынатын болады.