Шымкент Қазақстанның оңтүстігіндегі агломерация ошағына айналды. Қала көлік және теміржолдардың түйіскен тұсында тұр. Бүгінде ажарланып келе жатқан шаһарға қызығып отырған туристер , сонымен қатар инвесторлар да көп. 2021 жылдың I тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша Шымкент қаласыауылшаруашылығы, инвестиция тарту, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіштері бойынша алда келе жатқанын айта кетейік. Қалада «Бизнестің жол картасы-2025», Индустриялық даму бағдарламасы, «Қарапайым заттар экономикасы» секілді инвестор тартуға негіз болып отырған мемлекеттік бағдарламалар қарқынды орындалып келеді.
Инвестиция саласын дамытуға бүгінде қала әкімі ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен Инвестициялық штабтың кезекті отырысында 2022-2023 жылдарға жоспарланған жобалардың ағымдағы жағдайы мен хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. Жоспар бойынша алдағы екі жылда 1 триллион теңгеден астам инвестиция тарту көзделуде.
Осы жылдар ішінде қайта өңдеу өнеркәсібі, ауылшаруашылығы, сауда, білім мен денсаулық саласында және тұрғын үй құрылысы бағытындағы инвестициялық жобалар жүзеге асырылады деп күтілуде. Бұл жобаларға инвестиция тарту мен оның жүзеге асырылуын бақылау осы штаб отырысында талқыланып, түйткілді мәселелердің шешімі қаралатын болады.
Штаб отырысында тұрғын үй, жеке білім нысандары бойынша атқарылатын инвест жобалардың шешілмей жатқан мәселелері талқыға түсті. Жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтару, инфрақұрылым жеткізу бойынша бірқатар кедергілер бары айтылды. Бұл мәселелер шаһар басшысының назарынан тыс қалмақ емес.