Біздің заманауи дамыған қоғамда тұратынымызға қарамастан, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды. Отбасылық зорлық-зомбылықта көп жағдайда әйелдер зардап шегіп жатады. Сондықтан нәзік жандылардың құқығын қорғау басты назарда.
Осы ретте Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен Шымкент қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның онлайн отырысы өтті. Оған құзырлы мемлекеттік органдар басшылары және жергілікті үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері қатысты. Онлайн-кеңес барысында «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын» іске асыру бойынша бірқатар мәселелер қарастырылды.
Атап айтар болсақ, бекітілген жоспарға сәйкес әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бағытындағы учаскелік инспекторлардың жұмысы, ерлі-зайыптылардың ажырасу көрсеткіші мен динамикасы айтылды. Сонымен бірге дағдарыс орталығындағы азаматтардың жағдайы, қоғамдық ұйымдармен мемлекеттік тапсырыс аясында атқарылып жатқан жұмыстары туралы сөз қозғалды. Ақырында отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдердің құқықтарын қорғау сияқты маңызды мәселелердің себептері мен шешу жолдары қарастырылды.
Жиын соңында Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Өңірлік комиссия тарапынан тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша бірқатар тиісті органдарға ұсыныстар берілді.