Елімізде кәсіпкерлерге көптеген қолдаулар көрсетіліп келеді. "Бизнестің жол картасы-2025", «Еңбек» бағдарламалары соның дәлелі. Жақында білім саласын дамытуға үлес қосатын кәсіпкерлерге арналған «Білім беру саласындағы 5 әлеуметтік жобасы» бастау алған болатын. Жоба Шымкент қаласында да жүзеге асатын болады. Жақында қала әкімдігінің ақпараттық коммуникациялар орталығында аталмыш жобаның шарттары түсіндірілді. Оның негізгі бағыттары туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ Ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин айтып берді.
-Елімізде 25 мың оқушыға мектеп жетіспейді. 3 мың студент жатақхана орналаспағандықтан, пәтер жалдауға мәжбүр. Сондықтан мемлекет мектеп салу және жөндеу мәселесін шешуге кәсіпкерлерді тартуда.
Жобаға қатысатын кәсіпкерлер қаржы орталығына өтініш береді. Құжаттары мақұлданса, қаражатына жатақхана, мектеп салады. Мұнан бөлек, ескі ғимаратты да жаңғырта алады.
Ал салынған мектепте оқитын әр бала үшін жеке кәсіпкерге қаржы төленеді. Төлем операциялары екі түрлі. Ғимарат болса, бала басына 47 айлық есептік көрсеткіш 137 мың, жаңа мектеп салынса 96 айлық есептік көрсеткіш 280 мың теңге беріледі. Ауытқуы бар балаларға 600 мың теңге, мүгедек балаларға 1,5 миллион теңгеге дейін төлену қарастырылған,-дейді Алпамыс Айдарұлы.
Мұнан бөлек, жобаның AQYL депозиті, білім беру несиесі де бар. Бұл балаға да, студентке де тиімді. Ізденушіге несие оның үлгеріміне байланысты тағайындалады.
Былтыр жоба аясында 101 келісімшарт жасалған. Қазіргі таңда Шымкентке 11 жатақхана мен 13 мың балаға мектеп қажет. Айта кетейік, осы жоба аясында үшінші мегаполис пен Түркістан қаласы аймақтар бойынша көш бастап тұр.