Бүгінде бір елді ғана емес, әлемді жайлаған есірткі мәселесі өршіп тұр. Оған қарсы күрес жүргізу үшін дүние жүзі мемлекеттері аянып қалып жатқан жоқ. Соның ішінде Қазақстан да есірткіге қарсы күресте мемлекеттік саясат жүргізіп, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің бағдарламасын іске асыруда.
Еліміздің үшінші мегаполисінде де есірткіге қарсы күрес екпін алған. Жақында Шымкент қаласының «Жастар ресурстық орталығы» және қалалық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бірлесіп Бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыповтың қатысуымен «Сенің жаңа қырың» жобасы аясында “Есірткіге жол жоқ” акциясын өткізді.
Іс шара барысында Абай ауданындағы Темірқазық және Еңбекші ауданындағы Ақназар хан көшелерінің бойындағы ғимараттар мен үй-жайлардың сыртқы қабырғасына салынған жалпы 38 есірткі құралдарының жарнамасы ретіндегі жазбалар өшірілді. Сондай-ақ жобаға қатысқан спортшы және мамандар жастарға есірткі есіңді алатынын ацтып, оны қолдану немесе сату, сақтау үлкен қылмыс екенін айтып, жастарды салауатты өмір салтын сақтануға, спортпен айналысуға шақырды.
Алдағы уақытта Полиция департаменті және Жастар ресурстық орталығының қызметкерлерімен осы мақсаттағы бірлескен іс-шаралар әлі де жалғасатын болады.