Халыққа арнаған былтырғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз етуді, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыруды, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейтуді, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыруды тапсырғаны белгілі.
Осы тапсырнмаларды орындау мақсатында Түркістан облысында іске асып жатқан игі жұмыстар аз емес. Мәселен Сайрам ауданының Қарасу ауылында «Алма» шаруашылық өндірістік кооперативі шұжық өнімінің 47 түрін дайындайды. Өндіріс орны 2006 жылы іске қосылған. Жер көлемі 0,45 гектарды құрайтын шұжық цехы айына 1 тонна өнім өндіреді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Кооператив бүгінде 23 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер Ақылбек Шалқаров жаңа цех ашу жоспарымен қосымша ғимарат дайындаған. Әзірге қажетті техникалық жабдықтауға тағы 50 млн теңге қаржы қажет дейді кәсіпкер.
«Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау көрген өндіріс орны шикізатты «Шұбар» асыл тұқымды кешені» ЖШС, «Delice» ЖШС, «Сынар Групп» ЖШС-нен алады. Өнім бүгінгі таңда тек ішкі нарықта саудалануда.