Наурыз мерекесінің аясында Шымкентте 325 көшеге атау берілді. Соның бірі 18 наурыз – «Игі істер күні» аясында «Бозарық» шағынауданындағы көшеге ұлтымыздың үнжариясы, 100 жылдық тарихы бар Қазақ радиосының атауы берілді. Салтанатты шараға Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген құрметті қонақтар мен жергілікті зиялы қауым, тұрғындар қатысты.
– 14-24 наурыз аралығында «Наурыз Шымкентте басталады» деген ізгі бастамамен қаламызда үлкен іс-шаралар өтіп жатыр. Күні кеше «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебі ашылды. Болашақта сол мектептің түлектерінің даусын Қазақ радиосынан естиміз деп ойлаймыз. Наурыз тойының аясында Шымкенттегі 325 көшеге атау берілді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің ұсынысымен, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетовтің ұйытқы болуымен күні 18 наурызда сағат 11:00-де мәслихатта Қазақ радиосы көшесі ресми бекітілді. Санаулы 3 сағаттың ішінде осы көшені салтанатты түрде ашып тұрмыз. Шымкенттің қандай оперативті екенін осыдан-ақ біле беріңіздер. Шаһар осы жаққа қарай құлашын жайып келеді. Шымкенттің дамып келе жатқан тұрғын алабында ашылған көшеміз құтты болсын! Болашақта Қазақ радиосы көшесі Қазақ радиосы даңғылына айналып жатса таңғалмағайсыздар! – деді жиынға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы.
Жарты ғасырдан астам ғұмырын Қазақ радиосында өткізген ардагер-диктор, Қазақ радиосының сандуғашы Сауық Жақанова да Шымкенттегі Қазақ радиосы көшесінің ашылуына арнайы келіпті.
– Өзіңнің шыққан босағаң, туған балаңдай боп кеткен радиоңды құрметтеп жатса қалай қуанбайсың?! Қазақты бүткіл дүние жүзіне танытқан, қазақтың әні, сазы мен күйін көрсеткен Қазақ радиосын республикада бірінші болып ардақтап жатқан сіздерге мың да бір Алғыс! Бұл сіздердің еңбектеріңізге қарай атақты даңғыл болатынына сенемін, – деді Сауық Жақанова.
Айта кетейік, Қазақ радиосының атауы берілген көше 2,5 шақырымға созылып жатыр. Осы мерейлі күнге орай, бүгін сағат 18:00-де Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы ассамблеясы ғимаратында Қазақ радиосының 100 жылдығына арналған арнайы концерттік іс-шара өтеді.