Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында азаматтарға кәсіп жасау, өздерін дамыту сияқты қабілеттер міндеттелген. Уақыт ағысымен бірге жүріп, дәуір тынысымен қатар тыныстаған азаматтарға уақытты тиімді пайдалану шарт. Өйткені, бүгінгі бастамалардың барлығы уақытқа жұмыс істейді. Шымкентте жастардың бос уақытын тиімді өткізуге атсалысып, түрлі кәсіпке баулитын орталық бар. Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығында 56 үйірме бар.
– Әр жаңа оқу жылынан бастап үйірмелерге оқушылар қабылданады. Бір топта 10-15 бала болады. Мектептегі оқу кестесін ескере отырып, олар өздеріне ыңғайлы үйірмеге жазылады. Жетекшілік ететін білікті де білімді ұстаздарымыз бар. Тіл үйрену, гуманитарлық бағыттағы пәндік даярлық курстары және спорттық секцияларымызға оқушылар көптеп қатысады. Ал авто жүргізушілерге арналған үйірме мен тігіншілікті меңгергендер арнайы сертификат алады. Жоспарымыз көп. Автодәнеркелеуші, автомеханик курсын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде,- дейді орталық директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Шакир Умаров.
Орталықтағы спорттық үйірмелерде 1000-нан астам бала жаттығады. Қаладағы №45 мектептің 6-сынып оқушысы Мирас Төрекелдиев сабақпен қатар спорттық үйірмеге уақыт табады. Үш жылдан бері каратэ киокушинкай спортын меңгеріп жүрген оның жеткен жетістіктері де аз емес. Былтыр Қарағанды қаласында өткен 11 жастағы балалар арасындағы 40-қа дейінгі салмақ дәрежесінде ел чемпионатында топ жарса, биыл көк белбеуге, яғни 8-кюға ие болған. Жас та болса уақыттың қадірін ұғынған Мирас замандастарына саламатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.
Ал былғарыдан түрлі ұлттық бұйымдар жасайтын қолөнер шебері Бауыржан Тұрғанбаевтың орталықта 30-дан астам шәкірті бар. Қазақ халқының ұлттық бұйымдарын жастарға насихаттап, олардың жасалу жолдарын үйретіп жүрген ол қызығушылығы мен ынтасы бар баладан қолөнердің хас шебері шығатынын айтады.
Жалпы мұнда 284 топта 4000-нан астам оқушы шығармашылық, спорттық және кәсіптік-техникалық бағыттардағы үйірмелерде тәлім алып жүр.