Кәсіпкерлік саласының өсіп-өркендеуіне балта шабатын нәрсе ол сыбайлас жемқорлық. Сондықтан бұл салада сыбайластыққа жол берілмеуі керек. Дәл осы мәселені Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің мамандары көтеріп, «Бизнесті қорғау - өзара іс-қимыл, даму, проблемалар және оларды шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Шараның негізгі мақсаты – бизнесті қорғау, оған қолайлы инвестициялық жағдай жасау, аталған саладағы проблемалар мен оларды шешу жолдарын қарастыру, бизнес ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін қалыптастыру.
Бизнес өкілдері қатысқан жиында Департамент басшысы Асхат Жұмағали бизнеске қолайлы жағдай жасау және оның дамуы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылатындығын атап өтті. Департамент басшысының айтуынша кәсіпкерлікті кешенді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Агенттікпен "Protecting Business and Investments, яғни бизнес пен инвесторларды қорғау" жобасы іске асырылуда.
«Инвесторлардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге алынуының басты шарты мемлекетіміздің аумағында адал және парасатты бизнес жүргізу бойынша өзіне міндеттеме алу болып табылады. Аталған жоба Департаментпен де жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 78 млрд. теңгеге жуық 45 жоба сүйемелденуде» - деді департамент басшысы.
Жалпы алғанда, өткен жылдың өзінде бизнесті қорғау шеңберінде Департаментпен 30-дан аса кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтіріліп, олардың қызметіне заңсыз араласқаны үшін 13 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар, дөңгелек үстелде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге және қорғауға байланысты атқарылған жұмыстар талқыға салынды.
Бизнесті қорғау мәселелері еркін форматта талқыланған жиында құқық бұзушылықтардың алдын алу және ұйымның іскерлік беделін қорғау мақсатында квазимемлекеттік және жеке сектор ұйымдарында корпоративтік адалдық стандарттарын сақтауға жауапты жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институтын құру, ISO 37001 сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын енгзіу жолдары қарастырылды. Сондай-ақ, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін өзекті проблемалық мәселелер талқыланып, бизнес өкілдерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Дөңгелек үстел соңында «Нұр-kz», «Бумпром», «Экофарм Интернейшнл», «Green Cross Eco» ЖШС-мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша келісім шартқа қол қойылды.