Ордабасы аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәргері Ақтолқын Ибрагимова тұрғындарға әлемді алаңдатқан тәжвирустан сақтанудың жолдарын түсіндірді. Індеттің қайта өршуі мүмкін екенін алға тартқан маман екінші толқынға тек медицина мамандары ғана емес әрбір азамат дайын болуы тиіс дейді. Ауырмаудың басты жолы әрине сақтану.
Коронавирус инфекциясының белгілері: әлсіздік, демікпе мен жөтел дейді мамандар. Инфекция енді жұққан кезде жөтел құрғақ болса, кейін қақырыққа айналады. Басында әлсіздікті сезінбеуіңіз мүмкін, бірақ көп жағдайда ол уақыт өте келе пайда болады.
Коронавирус екіжақты пневмония мен жедел распираторлық дистресс-синдромым тудырып, асқынуымен қауіпті. Аурудың асқынуының негізгі белгісі — демікпе мен тыныстың тарылуы.
Иммунитеті нашар, қант диабеті, онкологиялық немесе жүрек пен өкпенің созылмалы аурулары бар адамдар үшін коронавирус өте қауіпті. Сонымен қатар, иммунодепрессант қабылдайтын (қызыл жегі не ревматизмі бар науқастар) адамдар, кішкентай балалар, жүкті әйел мен жасы үлкен адамға да коронавирустың әкелетін кеселі зор.
Коронавирус респираторлық жолмен жұғады. Covid-2019 инфекциясын жұқтырған адаммен жақын байланыссаңыз, қауіпті дертке шалдығуыңыз әбден мүмкін. Инфекция ауру жұқтырған адамнан келесі адамға жөтелгенде не түшкіргенде науқастың мұрнынан, аузынан бөлінетін ұсақ тамшылар арқылы беріледі. Бұл тамшылар заттардың бетіне, есік тұтқасына түседі. Ол заттарды ұстаған адам қолын жумастан көзіне, мұрнына немесе аузына тигізсе, ауруды жұқтырады. Сондықтан, коронавирусқа шалдыққан адамнан 1 метрден аса қашықтықта жүру маңызды.
Бұл вирустың білгілері мен денсаулыққа зияны кәдімгі тұмау мен ЖРВИ-ден қауіпті емес. Басты қауіп — жаңа вирусқа қарсы не жеке, не ұжымдық иммунитеттің болмауында. Тұмауға қарсы дәрі-дәрмек пен вакцина бар, ал коронавирусқа ем жоқ.
Короновирустың таратпаудың ең тиімді жолы — әлеуметтік контактілерді шектеу. Қолды сабынмен 20-30 секунд бойы жиі жуу керек. Үйге кірген соң антисептиктермен тазалаған абзал. Қолыңызды көзіңізге, мұрныңызға және аузыңызға тигізбеңіз, бұлар вирустың "кіріс қақпасы" саналады;
Жөтел, жоғары температура және тыныс алу мүшелері ауруларының басқа симптомдары бар адамдардан аулақ жүріңіз. Иммунитетіңізді нығайтып, салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Ақуыздарға, дәрумендерге және минералды заттарға бай тағамдарды тұтыныңыз.
Тұмаудың белгілері бірден пайда болса, коронавирустың инкубациялық кезеңі ұзақ. 5 күннен 14 күнге дейін, тіпті одан да ұзақ уақыт бойы білінбеуі мүмкін. Белгілері бойынша да ол алдымен кәдімгі тұмаудай сезіледі. Кейбір адамға инфекция әсер етпей, ол тек вирустың тасымалдаушысы ғана бола алады.
Бәрі қарапайым тұрғындарға байланысты. Алдын алу шараларын орындау маңызды. Қолды жиі жуып, кездесулерді азайтып, шынтаққа жөтеліп, аурудың белгілері пайда болған кезде дәрігерге қаралған жөн дейді дәрігер.