Қолыңнан келсе, жақсылық жасағанға не жетсін. Біздің қоғамдағы жандары жақсылық пен қайырымдылыққа жақын адамдардың жомарттығын айқындайтын қайырымдылық шараларының бірі – «Nur Otan» партиясының қолдауымен өткізіліп келе жатқан республикалық “Мектепке жол” акциясы десек болады. Қазіргідей қымбатшылық қысып, кейбір азаматтардың әлеуметтік жағдайы төмендеп тұрған уақытта бір теңгенің өзі үлкен көмек болып көрінуі әбден мүмкін.
«Мектепке жол» акциясы аз қамтылған және көп балалы отбасылардың оқушыларына көмек көрсетуге және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алуға бағытталған. Аталған жоба аясында биыл Сайрамда имамдар қауымы ұйытқы болып, әлеуметтік тұрмысы төмен 100 отбасының баласы қайғысыз-қамсыз мектепке барады. Олардың әрқайсысына құны 10 мың теңге тұратын оқу құралдары берілді.
100 баланың құрал-жабдықтардына 1 миллион теңге жұмсалды. Сөмкелер мектептерге жеткізілді.
Ауданның бас имамы Сейдахмет Темірбек мектепке жол ашқан азаматтардың баршасына ризашылығын білдірді. Алла Тағала балаларды білімді, жамағаттардың кәсіптерін берекелі Етсін!