Сарыағашта бүгінде эпидемиологиялық жағдай бір сарынға келген. Науқастар саны азайып, аудан қайтадан мамыражай күй кешуде. Аудандағы осыған дейін науқастар ем қабылдаған «Сарыағаш» курорттық қалашығында бүгінде медицина қызметкерлері қалыпты режимде жұмыс жасауға көшті.
Алды жоспарлы операцияларын жасай бастады. Бірақ аймақта жағдай жақсарғанымен, дәрігерлер әлі де арқаны кеңге салуға болмайтынын ескертеді.
"Өткен айдың сегізінде аштық. Халық келіп жатыр. Бізде лимит бар, таңертең адамдарды шақырып, емдейміз. Барлығы уақытымен. Адамдарды топырлатпаймыз. Түскі уақытта арақашықтықты сақтайды", - дейді Жандос Қапалов, шипажай жетекшісі.
Сарыағаштағы шипажайларға санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Өйткені ауданда эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді
"Қазір жағдай тұрақтанды. Бүгінгі күні инфекцияның тіркелуі күрт азайды. Қазір ауруханаларда дәрі-дәрмек ИВЛ толық жеткілікті. 15 ИВЛ апараты бар", - деді Мұхит Отаршиев, Сарыағаш ауданының әкімі.
Өкпе қабынуына шалдыққандар санының азаюынан аудандағы орталық аурухана қалыпты жұмыс жағдайына көшті. Бір айдан бері тоқтатылған жоспарлы операциялар да жасала бастады
Дәрігерлер «эпидемиологиялық жағдай жақсарғанымен, босаңсуға әлі болмайды», деп отыр. Өйткені індеттің екінші толқыны болуы мүмкін. Сондықтан емдеу мекемелері қажет қорғаныс құралдарымен және қондырғыларымен жабдықталып дайындықты күшейткен.