Ет бағытындағы мүйізді ірі қара малының экспорттық әлеуетін дамыту мақсатында қабылданған «Сыбаға» бағдарламасы - ауылдағы мал өсіріп отырған, оның басын көбейте түссем деген ағайынға берілген зор мүмкіндік.
Бүгінде аталған бағдарлама аясында Түлкібас ауданына қарасты Машат ауылының тұрғыны Е.Төлепбеков мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының көмегімен жеке шаруашылығын ашып, өз ісін дөңгелетіп отыр. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ұйымдастырылған жобадан жеңілдетілген несие алып, оған 75 бас ірі қара малын сатып алған. Кәсіпкердің алдына қойып отырған мақсаты – ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытып, шетелдерге өзі өндірген өнімді экспорттау.
Ауданда аталған бағдарламағаның шарапатын көріп отырғандар аз емес. Мәселен, былтырдың өзінде 10-нан астам шаруа қожалығы осындай жолмен мал басын көбейтіп, өңірімізді ғана емес, өзге облыстарды да етпен қамтып келеді. Шаруашылықтың осы бағытына қолдау білдіру мақсатында ауданда ет өңдейтін кешенмен, сүт фермасы салынған. Алдағы уақытта мұндай өндіріс орындарының қатары артатын болады.
«Сыбаға» бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы 70 млн. теңгеге дейін несие рәсімдеуге болады. Тек ет бағытындағы шаруашылыққа берілетін қаржыны 4 пайыздық үстемемен 15 жылға дейінгі мерзімге алуға болады.
Айта кетейік, Түлкібас ауданында ҚР-ның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл ірі қара мал басы санын 265-ке жеткізу керек болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 299-ға жетіп, жоспар 112,8 пайызға орындалған.
Бағдарламаға қатысқан басқа да шаруалар дән риза.