Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Мемлекет Басшысының бастамасымен 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» қабылданды. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы халықты жұмыспен қамту мәселелерін жедел шешу мақсатында әзірленді және қосымша жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, елді мекендерді абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен жұмыссыз азаматтар санының өсуіне жол бермеуге бағытталған шаралар кешенін анықтайды.
Осы мақсатта Сайрам ауданы аумағында орналасқан әлеуметтік мәдени нысандарды ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізу үшін мемлекет қазынасынан 37 жобаны іске асыру үшін 787,0 млн теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жылдың 6 айында 239,7 млн.теңгесі игерілген.
Жоба аясында 3 мектеп пен 3 спорт нысандары ағымдағы жөндеуден, 21 көше орташа жөндеуден, 7 көше жарықтандырудан және 3 елді мекендегі ауыз су құбырлары орташа жөндеуден өтуде. Аталған жобаларды іске асыру барысында 285 жаңа жұмыс орындары құрылды, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 162 азамат жолданып, жұмыспен қамтылған.
Айта кетейік, Халықты жұмыспен қамту орталығы қажетті білікті мамандарды іріктеуді жүзеге асырады және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын жұмыс беруші-мердігерлерге, уақытша тіркелген адамдарды қоса алғанда, осы ауданда (қалада) тұратын жұмыссыздарды жібереді, ал қажет болған жағдайда жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша тиісті жұмыстарды орындау үшін кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз етеді. Бұл ретте 29 жасқа дейінгі жастарды жұмысқа орналастыруға басымдық беріледі.