Шардарада биыл көптеген нысандар қайта жөндеу жұмыстарынан өтіп, биыл қос бірдей ғимарат қолданысқа берілмек. Атқарылып жатқан жұмыстар әкімшілік тарапынан толықтай бақылауға алынған. Ауданда құрылыс жұмыстары карантин талаптарын сақтай отырып жүргізіліп жатыр. Жұмысшылардың денсаулығын күнделікті тексеріп, антисептик құрылғыларымен маскалық режим қатаң бақылауға алынған. Құрылысшылар қандай жағдай болса да нысандарды уақтында тапсырамыз деп құлшынып отыр.
Бүгінде А.Иманов атындағы 300 орынды орта мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Бұйыртса нысан биылғы жаңа оқу жылында ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Бұдан басқа қала ішін көркейту бойынша бірқатар жоспарлар жасалып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Бүгінде ауданда құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Тұрғын үй құрылысы бойынша, облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа бой көтерген Әл-Фараби көшесіндегі 4 қабатты 40 пәтердің төлқұжаттарын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, қаладағы «Әсем» және «Nur Otan» мөлтек аудандарында су құбырларымен электр желілері тартылуда. Тиісті жұмыстарды жүргізген мердігер «Корпорация СИЛУР» ЖШС құрылыс жұмыстарының сапасына кепілдік беретінін айтады.
"Облыстық бюджеттен 700 млн-дай қаржы бөлініп Шардара ауданында 40 пәтерлі 2 үйдің құрылысы басталған болатын. Соның біреуі бүгінгі таңда дайын. Екіншісін тамыз айында бітеді деп жоспарлап отырмыз", - дейді Асанбай Махашев,Шардара аудандық құрылыс бөлімінің басшысы.