Сайрамда жылыжай шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары шаруалар жылыжайдың қыр-сырын жақсы меңгеріп, еккен егіннің өнімділігін арттыруда.
Ауданға қарасты Қарамұрт ауылдық округінің көкөніс өсірушілері де шағын жылыжайлар жұмысын дөңгелетіп отырған жайы бар. Солардың қатарында инвестор Алонс Шонбергер басқаратын польшалық «Ecoіnvest-SA» фирмасы да бар.
Жылыжай аумағы бірнеше бөліктерден тұрады. Мәселен агрономиялық орталық, сервистік аймақ, көкөністер өсірілетін орын. Олардың ішінде агрономиялық орталық - жылыжайдың жүрегі есептеледі екен. Барлық дерлік жұмыс процестерін реттеу осы орталықта жүргізіледі.
Сонымен қатар, барлық қажетті технологиялық параметрлер компьютерлендіріліп отырады екен. Бұл жұмыс процесін «Делфи» атты голандтық компанияның өкілдері, агрономдары қамтамасыз етеді. Ал, израильдік «Нетафин» компаниясы дәрілеу (дезинфекциялау) жүйесін жүзеге асырады.
11 гектар танапқа орын тепкен өндіріс орнында әрқайсысы сыйымдылығы 233 текше метр келетін 12 ыдыс орнатылған. Технологияға сәйкес, арнайы қойылған ыдыстар қажетті микро және макроэлементтермен байытылғаннан кейін автоматты түрде тамшылатып суару әдісімен тікелей өсіп тұрған әрбір өсімдіктің тамырына нәр береді.
Фирманың атқарушы директоры Мұрат Гелашвилидің айтуынша өсімдіктердің тіршілік нәрін алатын блок жұмысы арнайы СВ кассеталарына жылыжайдағы көкөністің голландтық сұрыптарының тұқымы орналастырылатын көрінеді. Тиісті кезең өткеннен кейін тұқымдар жекеленген блокқа бағытталады, олар осында автоматты түрде өздеріне қажетті жылу және жарық режіміне сәйкес сұранысын аңғартады. Жұмыс процестері аяқталғаннан кейін өсімдік тұқымдары шағын жайға тұрақты орналастырылады.
Айта кету керек, өсімдіктердің көшет бөлімшелерінде оларды арнайы суару жүйесі қарастырылған. Нақтырақ, су оларға жоғарыдан берілмейді, керісінше астыңғы, тамыр жағынан берілед.
Сондай-ақ жылыжайда қызанақтар да өсіріледі. Қажетті микроклимат арнайы тұмандату жүйесімен жүзеге асады.
Мұрат Гелашвилидің айтуынша, жылыжайлар төменгі, орта және жоғары жылумен жарақтандырылған. Өсімдіктер кәдімгі араны пайдалану арқылы қолдан тозаңдандырылады. Мұның бал арасына қарағанда ерекшелігі - жемістердің шығымдылығы мен сапасын артыруға мүмкіндік береді, сонымен бірге қол еңбегін азайтады.
Биылғы маусымда жылыжай ұжымы қызанақтың әр шаршы метрінен 20 келі, қиярдан 35 келі өнім алып жатыр. Ал, жылыжай жылына 6 мың тонна көкөніс түрін жинауға қауқарлы. Мұнда барлығы 170 адам жұмыс істейді. Осы жерден алынған өнімдер Ресейге және Қазақстанның солтүстік аймақтарына жөнелтіледі. Алдағы кезде жылыжайдың еңбек ұжымы Қазақстанда баламасы жоқ тағы 10 гектар еркін танапқа жылыжай құрылысын жүргізуді жоспарлайды.