Қадірлі Қазығұрт ауданының ұстаздар қауымы !
Қадірменді мектеп түлектері!
«Соңғы қоңырау» биылғы жылы 25 мамырда алғаш рет онлайн форматында аудандағы білім мекемелерінде соғылды. Биылғы жылғы соңғы қоңыраудың ерекшелігі төтенше жағдайға байланысты 4 тоқсанды онлайн арқылы қашықтықтан білім алып, алғаш рет емтихансыз 25 мамыр күні жылды қорытындылап, мектеп оқушылары мемлекеттік аттестатқа ие болды.
2019-2020 оқу жылында ауданымызда мектеп бітірушілердің 90 «Алтын белгі» белгісімен, 54 «Үздік аттестатпен» бітірді. Жүзден жүйрік шыққан түлектерімізді жеткен жетістіктерімен құттықтаймын.
11 сынып түлектеріне аттестаттарды тапсыру – мектептен қоштасу 4 маусымға жоспарланып отыр. Мереке аясында салтанатты түрде Алтын белгі және аттестаттар тапсырылып, соңғы қоңырау соғылады. Бұл іс- шара мектеп бітіруші түлектер мен ата- аналардың қатысуымен санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізіледі.
Білім саласының дамуына әр жылы мемлекет тарапынан қомақты қаржы бағытталып, қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, 2019-2020 жылдары аудан көлемінде 2 мектеп - 200 орындық Кезеңбұлақ, 200 орындық Ақпарақ және 150 орындық Ащыбұлақ мектептері пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, 200 орындық К.Әзірбаев мектебінің құрылысы басталды. Қызылтаң, Шарбұлақ орта мектептері күрделі, Б.Момышұлы, Алтынтөбе, Қызылата, Қызылдала, Ащыбұлақ мектептері орта жөндеуден өткізіледі. Сонымен қатар оқушылардың толыққанды білім алуы мақсатында мектептердің материалдық-техникалық базалары нығайтылады.
Қадірлі ұстаздар!
Құрметті оқушылар!
Баршаңызды бүгінгі мерекелі күнімен құттықтаймын. Алдағы уақытта биік жетістіктер мен жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізулеріңізге тілектеспін.