Бұл тақырып Қазығұрт ауданындағы «Сапа-2002» ЖШС-інде өткен семинар барысында кеңінен сөз болды.
Тозығы жеткен техника бірінші шаруашылыққа, екінші жұмысшының қолын байлайтыны белгілі. Топырақты өңдемей, сеялкамен тікелей егу біз үшін жаңа технология саналады. Бірақ, дүние жүзінде бұл әдіс бұған дейін де кең тараған. Егін себуде осы әдісті қолданған диқан әр гектардан 17-19 мың теңге ақша үнемдей алады. Егістікті қайта-қайта өңдеп әуре болмайды. Егістікке жұмсалатын су да, тыңайтқыш та үнемделеді. Толқын-толқын сулары айдалаға лағып кетіп жататын тоған қазудың да қажеті жоқ.
Еліміздің солтүстік өңірлері де осы әдісті біраз жылдан бері қолданып келеді. Бүгінде бес-алты миллион гектар жер осы әдіспен егіледі.
Бірақ, біздің Түркістан облысында бұл тиімді тәсіл енді-енді қолға алына бастады. Замана көшінің алдыңғы шебінде жүретін өңір неге кеш қимылдап жатыр? Бұған жер қыртысының айырмашылығы бірінші себеп болса, екіншіден, жаңа технологиямен жұмыс істейтін техниканың тапшылығы да қолбайлау болуда. Үшіншіден, бәлкім, жергілікті диқандар дәстүрлі технологиядан, үйреншікті әдістен моральды түрде қоштаса алмай жатқан болар.
Жалпы, жаңа технологияның біздің өңірге тиімді тұстары көп. Айталық, Қазығұрт ауданы тау бөктерінде орналасқандықтан жауын-шашын мол болады. Егіншілік жұмыстары ылғалдылығы тұрақты жерлерде жүргізіледі. Бидай егетін шаруа қожалықтары бұған дейін жерді соқамен 25-27 см. тереңдікте жыртып, маламен тегістеп, СЗ–3,6 сеялкасымен егіп келді. Дақыл кейбір қожалықтарда СЗС-2,1 сеялкаларымен де егіліп жатады. Оның өзі техника тапшылығынан кең өріс ала алмай келеді. Өткен күзде «Сапа-2002» ЖШС-нің директоры Нұржан Әшіров Бразилиядан жаңа технологиямен жұмыс істейтін техникалар алдырды. «PAMPEANA 20000» сеялкасы өңделмеген жердің өзіне тұқымды 4-5 см. тереңдікке тастайды. Тастай қатты жерге түскен тұқым қалай өнеді? Бұған серіктестік директоры Нұржан Сапабекұлы мен ауыл шаруашылығы бойынша ғылыми кеңесші Досымбек Сыдықов толыққанды жауап берді. Оның ең басты сыры – бұл сеялка аммафос тыңайтқышын топыраққа тұқыммен бірге бірден араластырып тастайды. Яғни бір жүріп өткенде әрі дән себеді, әрі жер қопсытатын дәрі егеді.
Жаңа технологиямен жұмыс істеп жатқан серіктестікте ауыспалы егіншілік те бір жолға қойылған. Бірінші жылы мақсары, екінші жылы бидай, үшінші жылы қайтып мақсары, содан соң қайтадан бидай болып ауысып отырады. Бесінші жылы жоңышқа егіп жерді құнарландырып алады.
Серіктестік басшысының айтуынша, «PAMPEANA 20000» сеялкасы жер таңдамайды. «Алдағы уақытта біз рапс немесе зығыр өсімдіктерін де ауыспалы егіншілікке кіргізуді жоспарлап отырмыз. Бидай тұқымымен араластырып себілетін аммофос тыңайтқышы жердің құнарлылығын арттырып, бидайдың өнімділігін жоғарылатып қана қоймай, топырақтың құрылымын да өзгертеді. Тастай қатты жерлердің өзі бұл тәсілден кейін борпылдаған қоңыр топыраққа айналып шыға келеді. Біз осы «No-Till» немесе нольдік технологияны қолдану арқылы өнімділікті арттырып отырмыз» дейді Н.Әшіров.
«Сапа-2002» ЖШС-де осы әдіс бойынша 2018 жылы 320 гектар жерге бидай егіліп, орташа түсім гектарына 18,7 центнерден айналса, дәстүрлі әдіспен 1400 гектар жерден орташа есеппен 20,0 центнер өнім алынған. Ал, 2019 жылы тікелей егу әдісімен 280 гектар жерге егілген бидай алқабынан дәстүрлі әдіс бойынша 1500 га жерден 33 центнерден өнім түскен. Биыл мақсарыдан кейін босаған 1500 гектар жерге нольдік технология бойынша бидай егіпті. Бұл екі әдіспен егілген күздік бидайда анау айтқандай айырмашылық болмағанымен, егістікке кететін шығын көлемі екіншісінде әжептеуір үнемделеді.
«Бізде сүдігерді /парды/ қолданудың негізгі мақсаты – егілетін жердің топырағын арамшөптерден тазарту, екіншіден, ылғалды жинау. Ал, нольдік технологияда арамшөптерден химиялық жолмен де, «химпар» жасап та құтылуға, тікелей себу әдісін химиялық пар үстіне егіп те жүргізуге болады. Бұл тәсілмен ерте көктемде топырақты өңдеуді қажет етпей-ақ, бірден егіп кете аласыз. Ол үшін алқапты құрамында глифосат бар гербицидтерді қолданып, 1,5-2,5 л/га. егісті егер алдынан 3-5 күн бұрын шашып қою керек. Болмай қалған жағдайда, бидай өніп шыққанға дейін де жүзеге асыруға ешқандай кедергі жоқ» дейді байырғы диқан.
Оның айтуынша, нольдік және дәстүрлі технологиямен егілетін сорттарға аудандастырылған және перспективті сорттар қолданылуы керек. «Біздің оңтүстік өңірге ұсынылған сорттар «Стекловидная-24», «Красноводопадская-210» болса, кейінгі кездегі жаңа сорттар – таулы және суармалы аймақтарға арналған күздік жұмсақ бидай «Кондитерская» сорты ұсынылды, оның орташа өнімділігі 40-80 центнерге дейін жетеді. Ал, тәлімі жерлерге нандық ұн шығарылатын күздік жұмсақ бидайлар «Шөл», «Дала», «Дастан» перспективті сорттары жатады. Бұлардың орташа өнімділіктері 25-45 центнерге дейін артады. Макарон өнімін шығаратын күздік қатты бидайдың «Алтын масақ» перспективті сорты да бар, оның орташа түсімі – 30-45 центнер» дейді ол.
Қазіргі таңда бұл сорттардың түбегейлі тұқымдарын көбейту мақсатында «Сапа-2002» ЖШС-нің егіс алқаптарында ғалымдармен бірігіп, алғашқы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы жылдары жаңа сорттардың элиталық тұқымдары шығарылса, онда экономикалық үнемділік арта түсетініне серіктестік директоры да сенімді.
Әбжаппар ТОЙЛЫБАЙҰЛЫ, «Красный водопад» ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының аға ғылыми қызметкері.