Кәсіпкерлік ел дамуына салмақты үлес қосатын күшке айналғанда ел экономикасының өркендейтіні анық. Яғни, бұл саладан түскен табыс та қомақты, жұмыспен қамтылушылар саны да біршама жоғары. Бүгінде елімізде кәсіпкерліктің тынысын кеңейту бағытында түрлі бағдарлама қабылданып, тиімді жобалар жүзеге асырылып жатыр. Яғни, бұл бағдарламалардың шарапатын Түлкібас ауданының тұрғындары көруде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялап, жалпы қоғам болып ел азаматтарына көмек қолдау көрсету — игі істердің бастауы екендігін тілге тиек еткен еді.
Осыған орай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен ел аумағында халыққа құқықтық кеңес беру мақсатында «Адал көмек» жобасы іске қосылған болатын.
Бүгінде, аталмыш жобаның маңыздылығын аңғарған Түркістан облыстың қала/аудан әкімдері өңір тұрғындарын толғантқан мәселелерге құлақ түріп, сан-сауалдарды шешу жолында азаматтармен кері байланыс орнатуға белсенділік танытып, танымал әлеуметтік желілер (Facebook, Instagram) арқылы «тікелей эфирге» шығуда.
Мәселен, халық пен билік арасында ашық диалогтық алаң орнатуды мақсат еткен Түлкібас ауданының әкімі Байғұт Нұрлан «Аудан аумағында кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы» тақырыбы аясында тікелей эфирде маңызды ақпараттарымен бөлісіп, кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарды қолдайтындарын жеткізді.