Өткен бейсенбі күні аудан әкімі Н.Тұрашбеков аудан орталығы Майлыкент ауылдық округіндегі демеушілер есебінен механикалық тазалаудан өткен төменгі «Көкірек» каналының бүгінгі жағдайын өз көзімен көріп шықты.
Жалпы ұзындығы 6 шақырымды құрайтын канал аудан орталығының жоғарғы бөлігіндегі көшелерді ағынды сумен қамтамасыз етеді. Каналды механикалық тазалау жұмыстары техника баралатын тұсқа дейін техника күшімен, ал елді мекен ішіндегі бөлігі жұмысшылар күшімен іске асқан. Аудан орталығындағы төменгі «Көкірек» каналынан жалғасатын арық-атыздар бойын аралап шыққан аудан әкімі атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан орталығындағы ағынды су бармай тұрған басқа да көшелердегі арық-атыздарды механикалық тазалаудан өткізуді тапсырды.
Бұл шара аудан көшелеріне әр беріп тұратын ағаштар мен көк атаулының сусыз қалмауына бағытталған.
Айта кетейік, осыған дейін Түлкібас ауданы әкімінің өткен жылды қорытындылау мақсатында елді мекен тұрғындарымен кездесуінде тұрғындардың басым көпшілігінің көтерген мәселесі үй іргелік аумаққа ағынды су келуін қамтамасыз ету болатын. Бұл бағытта бүгінгі таңда аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен бірқатар жұмыстар іске асырылуда. Нақты айтар болсақ, демеушілер есебінен аудан аумағындағы 108,3 шақырымды құрайтын 32 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 2997 гектар жерге ағын су барып, 2960 үйдің іргелік жерлері қайта айналымға қосылатын болады.