Туберкулездің азаюына үлес қос!

Қысқаша

Қазақстанда пациенттердің 70 пайызы ауруханаға дерті асқынғаннан кейін келеді екен. Шын мәнінде, оның бәрінің алдын алуға болады. Медицинада туберкулездің алдын алу үшін тұрақты тексерілу қажет.

Screenshot_2.png

Әлемде жыл сайын 24 наурызда Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні атап өтіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен белгіленген бұл күн жыл сайын әртүрлі ұранмен өтеді. Биылғы науқан «Өзіңді туберкулезден қорға!» деген ұранмен өтуде. Осы орайда Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің мамандары аурудың алдын-алу шараларына белсене кірісіп, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жауапкершілікті жалпыдан жалқыға жетелейтін шара бәрімізді де ойлануға, денсаулыққа бір сәт болса да көңіл бөлуге шақырады. Жалпы, туберкулез туралы не білген жөн?

Туберкулез бүгінгі қоғам үшін таңсық ауру емес. Жұқпалы дерт көне заманнан белгілі. Ауру белгілері бұдан 7 мың жылдай бұрын неолит  кезеңіндегі адам сүйегін зерттегенде табылған.  Туберкулездің қоздырғышы – микробактерияны  1882 жылы неміс микробиологы Р.Кох ашқан. Сайын даланы мекен еткен қазақ халқы да туберкулез жайлы ертеден-ақ біліп, оны құрт ауруы деп атаған. Ал атақты Шығыс емшісі Ибн Сина өзінің «Дәрігерлік ғылымның каноны» деген еңбегінде туберкулезді тұқым қуалайтын аурулар қатарына жатқызған. Ертеде сырқаттың нақты емі табылмағандықтан туберкулез адамдардың өмірін жалмап отырды. Ал бүгінде  адамзат одан толық айығу жолдарын жақсы біледі, дәрі-дәрмек пен микробқа қарсы препараттарды табу да қиындық тудырмайды. Соған қарамастан, жұқпалы дертті толық ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Сондықтан туберкулезге қарсы науқанның қоғам үшін маңызы зор екені анық. 

Салауатты өмір салтын қалыптастырушы ұйымдастырушы дәрігер Динара Абдуллаеваның айтуынша туберкулезге қарсы айлықтың негізгі мақсаты – халыққа дерт жайлы толыққанды ақпарат беріп, одан сақтанудың жолдарын үйрету, құрт ауруының алдын-алу, халықтың денсаулығына деген жауапкершілігін нығайту, туберкулезден болатын өлім-жітімді азайту. 

– Біз ең біріншіден балаларды аталған қауіпті аурудан сақтауымыз керек. Сондықтан Түркістан облыстық және Шымкент қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтарының мамандарымен бірігіп жергілікті емханаларда семинар-тренингтер өткіздік. Яғни, туберкулезден қорғанудың бірден-бір жолы БЦЖ екпесінің маңызы туралы дәрігерлер ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізді. Одан бөлек өңірдегі жоғары оқу орындарында өткен жиындарда мамандар студенттерге тубрекулездің профилактикасы жайлы ақпараттарды беріп өтті. Сондай-ақ, адам көп шоғырланған сауда-саттық, қоғамдық орындарда тұрғындарға аурудан сақтанудың жолдары жазылған брошюралар мен кітапшалар таратылды.  Бұған дейін бизнес құрылымдар басшыларының арасында туберкулез профилактикасы бойынша хабардарлығын арттырудың 2018-2019 жылдарға арналған іс-шаралар бойынша «Туберкулез – сіздің бизнесіңізге әсер етпейді» тақырыбында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында орта және ірі кәсіпкерлерге семинар өткізілді.  Іс-шара жыл сайын өтсе де арамызда әлі де болса туберкулездің не екенін білмейтін адамдар кездеседі. Есесіне бүгінгі жастар – өте білімді, көздері – ашық. Түсіндірме жұмыстары барысында біз жастардың туберкулез ауруының жұқпалы және ол қандай жағдайда жұғатынынан хабардар екеніне көз жеткіздік.  Ауруды ерте кезде анықтаудың жолы –флюорографияға түсу. Осы мақсатта наурыз айының соңында Түрксітан облысының аудан орталықтарындағы, ауылдардағы базарларда және Шымкент қаласындағы ірі сауда орталықтарында флюроқондырғы орнатып, саударгерлер мен сатып алушыларды рентгенге түсіруді жоспарлап отырмыз, – дейді Динара Серікбайқызы.

Жауапты мамандардың дерегіне сүйенсек, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында туберкулезден эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, төмендеуге бағыт алған. Өңірде соңғы 10 жылда туберкулездің таралу жағдайы 42,5 пайызға, ал өлім-жітім жағдайы 80,7 пайызға төмендеген. Жыл сайын өтетін науқанның нәтижесі қуантарлық. Туберкулезге флюорографиялық әдіспен жаппай тексеруге тұрғындардың өздері естіп-біліп келетіндерінің қатары жылдан жылға көбейіп келеді. 2017 жылға қарағанда былтыр аурушаңдық ересектер арасында 27,2 пайызға төмендесе, балалар арасындағы аурушаңдық 25,4 пайызға кеміпті. Халық арасында туберкулездің таралуы 25,8 пайызға төмендеп, өлім көрсеткіші 27,8 пайызға төмендеп отыр. Жаңа туған нәрестелердің 99 пайызы туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасын егумен қамтылған. Манту сынамасы былтыр 395 941 балаға салынған. Жалпы балалар арасында аурушаңдық 25,4 пайызға яғни 100 мың тұрғынға есептегенде 7,1-ден 5,3-ке төмендеп отыр.

Фтизиатр-дәрігерлер туберкулездің әлі де әлеуметтік аурулар қатарынан түспей келе жатқандығын ауру алғашқы кезде белгі бермейтіндігімен байланыстыруда. 

– Туберкулездің ең осал жері осы – алғашқы сатыда белгі бермеу. Жұп болып келетін өкпе тіндерден құралған, онда ешқандай нерв клеткалары болмайды. Егер сіз саусағыңызды кесіп алсаңыз біріншіден, қанайды және жаныңызға батып ауырады. Яғни, ауруды сезінесіз. Ал өкпеге құрт түсіп, тіндерді жеп жатса да адам өзін аурумын деп санамайды. Себебі өкпеде нерв клеткалары болмағасын ол аурушаңдық сезімін бермейді. Көбейіп, «қарны тойған» әлгі құрттар өкпе тінін түгелдей жеп болғасын сыртқа шығуға әрекет жасайды. Міне, сол кезде ғана науқас жөтеліп, қақырық тастап, қызуы көтеріліп, мазасы кетеді. Бірден салмақ тастап, терлегіш болады. Сырқат осылайша туберкулез асқынған кезде ғана барып дәрігерге көрінеді. Өкпеде құрттың бар-жоғын тек флюорография және қақырық анализінен ғана білуге болады, – дейді Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансері бас дәрігердің сапа жөніндегі орынбасары Қарлығаш Қапанова. Осы ретте туберкулезге қарсы айлық барысында мамандар тұрғындарды флюорографилық тексеруден өтуге шақырады.

Қазақстанда пациенттердің 70 пайызы ауруханаға дерті асқынғаннан кейін келеді екен. Шын мәнінде, оның бәрінің алдын алуға болады. Медицинада туберкулездің алдын алу үшін тұрақты тексерілу қажет. Қазақстандықтар бұл қызметтерді тегін пайдалана алады және олардың бәрі кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне кіреді. Сонымен, ол қандай қызметтер?

-  БЦЖ екпесі – туғаннан кейін алғашқы бірнеше күн ішінде;

-  БЦЖ-ны қайта егу – 7 және 14 жаста;

-  Флюорографиялық скрининг (ересектер жылына бір рет);

- Дәрігердің тағайындауы бойынша өкпені рентгенге түсіру;

- Терапевке қаралып, профилактикалық тексеруден өту.

2018 жылдың 26 қыркүйегінде Нью-Йорк қаласында 2022 жылға дейін Біріккен Ұлттар ұйымның туберкулезге қарсы күрес жөніндегі саяси деклорациясы қабылданған болатын. Мақсаты 2022 жылға дейін әлемде 40 миллион адамды (3,5 миллионы балалар) өкпе ауруынан емдеу болып табылады. Сол мақсатқа жетуге Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің  ұжым да атсалысуда.  

– Мекеме қызметкерлері «2022 жылға дейін Біріккен Ұлтттар ұйымның туберкулезге қарсы күрес жөніндегі саяси деклорацияның мақсаттарына жетуге менің де үлес қосатын уақыт келді» деген ұран жазылған парақшаға қол қойып, оны #EndTB хэштегімен әлеуметтік желіге бөлісуде. Оған кез-келгеніміз үлкен лауазымды басшылардан бастап, қарапайым адамдар да үлес қоса алады. Осылайша әлеуметтік желі арқылы әлем халқын құрт ауруынан сақтануға, онымен күресуге шақыруға болады, – дейді Динара Серікбайқызы. 

Жер бетінен туберкулездің азаюына сіз де өз үлесіңізді қоса аласыз. Ол үшін: 

- Жылына бір рет профилактикалық тексерулер мен скринингтен өтіңіз;

- Дұрыс тамақтаныңыз;

- Байсалды болыңыз;

- Салауатты өмір салтын ұстаныңыз;

- «2022 жылға дейін Біріккен Ұлтттар ұйымның туберкулезге  қарсы күрес жөніндегі саяси деклорацияның мақсаттарына жетуге менің де үлес қосатын уақыт келді» деген ұран жазылған парақшаға қол қойып, оны #EndTB хэштегімен әлеуметтік желіге бөлісіңіз. 

С.ӨСКЕН