Экологиялық тұрғыда таза, тәтілігінен тіл үйіретін Түлкібастың алмасы еліміздің барлық өңірінде жоғарғы сұранысқа ие. Бұны түсінген түлкібастық кәсіпкерлер ерінбестен мемлекеттік қолдаулар арқылы алма бау көлемін жыл санап ұлғайтуда. Соның қатарында «Көктал» шаруа қожалығы да бар.
Бүгінгі таңда күздік өнімін жинай бастаған шаруашылыққа аудан әкімі Нұрлан Байғұт арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты.
Аталған шаруашылықтың жалпы алма бау көлемі 350 гектарды құрайды. Оның ішінде 123 гектары қарқынды бау. Бұдан бөлек 35 гектар қара өрік жемісі де бар. Бұнда Гала, Фуджи, Голден делишес, Стар Кримсон, Легалина, Айдарет сынды алманың нарықтағы сұранысы жоғары түрлері өсіріледі. Қожалық маусымды жұмыспен 100-120 адамды, ал тұрақты жұмыспен 20 адамды қамтып отыр.
Алма бауды аралау барысында серіктестік төрағасымен сұқбаттасқан аудан басшысы мемлекет тарапынан заң аясында қандай да бір қолдау қажет болса көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Шаруа қожалық төрағасы Бейбіт Төлешов өз тарапынан бүгінгі таңда маусымды алма теру жұмысына жұмысшылар тапшы екенін айтып, осы бағытта қолдау көрсетуін сұранды. Аудан басшысы кәсіпкердің сұранысы бойынша тиісті бөлімдерге тапсырма жүктеп, қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.