Мамин бірқатар өңірде вакциналау қарқынын күшейтуді тапсырды

Қысқаша

Мамин бірқатар өңірде вакциналау қарқынын күшейтуді тапсырды

Еліміздің премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

Асқар Мамин.jpg

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жалпы тұрақтанып келе жатқанын айтты. Вирустың репродуктивтік индексі 0,97 құрайды, инфекциялық төсек орындар 53 пайызға, реанимациялық төсектер 47 пайызға толы.

Бүгінгі таңда 6,1 миллионнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін, 4,8 миллионнан астам адам екінші компонентін алды. Вакциналаудың жақсы қарқынына Алматы, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында қол жеткізілді.

Үкімет басшысы Маңғыстау, Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында вакциналау қарқынын едәуір күшейтуді тапсырды.

Премьер-Министр жаңа оқу жылына дайындық аясында 25 тамызға дейін мұғалімдерді вакциналауды аяқтап, оқу орындарының дайындығына бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті. 

Мамин халықтың шектеу шараларын сақтауын одан әрі бақылауды және мониторингтік топтар қызметінің тиімділігін арттыруды, вакциналау қажеттілігі туралы ақпараттық жұмысты кеңейтуді тапсырды.

"Қызыл" аймақта орналасқан өңірлерде демалыс күндеріне енгізілген локдаун сақталады. Ashyq жобасына қатысушылар санын арттыру жұмысы жалғасады. Бүгінгі таңда қосымшаға 4 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген, жобаға 111 мың бизнес субъектісі қатысады.

image.png