Бүгін қолы алтын, жүрегі мейірімге толы медицина саласы қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында Түлкібас ауданында «Дәрігерлер аллеясы» ашылды.
Дүние жүзін жайлаған қауіпті індетпен күресте ең алдымен, ақ халатты абзал жандарға күш түсіп отырғаны белгілі. Мылтықсыз майданның алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орайластырылған шараға аудан әкімі Нұрлан Байғұт, медицина саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысып, жаңа нысанның ашылуына куә болды.
Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен бой көтерген нысанда аудан тұрғындарының демалып, бой сергітуі үшін 500 шаршы метр аумаққа 8 дана ыңғайлы орындықтар, түнгі жарықтандыру шамдары орнатылған. 69 дана арша, аққайын көшеттері отырғызылып, газон егілген. Аллея ортасынан дәрігер мен медбике ескерткіші бой көтеріп, «Дәрігерлерге мың алғыс!» тақтайшасы орнатылған.
Игі шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан басшысы 113 мың аудан тұрғындарының және аудан әкімдігінің атынан адам өмірінің арашасы болып жүрген, алтын қолды жандарға алғысын білдіріп, төл мерекелерімен құттықтады.
Сондай-ақ, шараға арнайы шақыртылған медицина саласының ардагерлері осынау құрмет көрсетіп, игі шараға мұрындық болған аудан әкімі мен әкімдік мамандарына алғысын білдірді. Шара жалғасы аудандық мәдениет үйінде концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі