«Әліпбиді ауыстыра бергенге күмәнмен қараймын» - Тасмағамбетов

Қысқаша

«Әліпбиді ауыстыра бергенге күмәнмен қараймын» - Тасмағамбетов

Белгілі саясаткер, экс-премьер-министр Иманғали Тасмағамбетов латын әліпбиіне көшу туралы өз ойын айтты, деп хабарлайды "Қазақ әдебиеті" басылымы.  

image.png

Саясаткер латын ғарпіне көшу үрдісі мәселесін де тілге тиек етті.

- Латын жазуы деп жатырсыз… Өз басым әліпбиді ауыстыра бергенге күмәнмен қараймын. Қазір әріп таңдайтын емес, ілім-білім қуатын заман. Әріп ауыстырамыз деп жүр­генде осыған дейін жиған-терген барымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. «Абай жолы» мен «Қан мен терді», «Аласапыран» мен «Дарабозды» оқи алмайтын күйге түспесек деймін. Тағы да қайталап айтайын, әріпте тұрған еш­теңе жоқ. Ой-өріс керек, білім қымбат. Өркениет­тің көшінен қалмауымыз керек, - деген қаупін білдірді Тасмағамбетов.

Сонымен қатар экс-елші 30 жылдан бері елімізде тіл мәселесі шешілмей келе жатқанын да сұхбат барысында қозғап кетті. 

- Жасырын емес, халықтың мұрасы, ұлттың тілі деген ұғымдарға шекеден қарайтын, салт-дәстүрді ескінің қалдығына балайтындар билікте аз емес. Сондықтан санадағы өзгерістер соларды райынан қайтарудан басталса, ең басты жетістік осы болар еді. Қазақ тілі өзінің ауызша және жазбаша бірізділігі бар әлемдегі жоғары дамыған 600 тілдің қатарында, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие 200 тілдің қатарында екен. Кез келген тілдің әлеуеті оның сөздік қоры байлығымен өлшенеді. Қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде өте бай тіл. Бұл қазақ тілі – ғылым мен технологияның тілі емес дейтіндерге жауап. Дегенмен, адамзат тарихында талай халықтың тілі жойылып кеткенін білеміз. Оның басты себебі – қолданыстан шығуы, - деді Иманғали Тасмағамбетов.

Саяси қайраткер өкінішке орай тіл мәселесі өзінің өзектілігін әлі жоймағанын айтты. Оның ойынша, Тәуелсіздігіне 30 жыл болған ел үшін бұл "өте ұят".

- 2001 жылы осы Тәуелсіздіктің 10 жылдығын ат­ап өтетін болып, мемлекеттік комиссияның төрағасы болдым. Сол кезде 5 облысты таңдап тұрып, хат жаздым. Барлығына бір ғана – «іс-қағазды толығымен қазақ тіліне көшіріңдер» деген талап қойдым. Одан бері 20 жыл уақыт өтті. Білуімше, Қызылорда мен қазіргі Түркістан облысынан басқасында нәтиже жоқ. Мәселе іс-қағазда ғана емес. Жаңа айтып өттім, жанашырлық ең бірінші биліктен бастау алу керек. Мәселе сонда. Билік қай тілде сөйлесе – халық та сол тілде сөйлейді, - деді ол.