Еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кітапханашылардың мәртебесін арттыру, еңбекақысын көтеру мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Аймағамбетов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Министрдің сөзінше, кітапханашылар педагогикалық кадрлар санатына енуі ықтимал.
- Кітапханашылардың мәртебесін арттыру, олардың еңбекақысын көтеру және жұмысының жаңа талаптарға сай болуын қайта қарастырып жатырмыз. Оларды педагогикалық кадрлар санатына енгізу бойынша бастама көтердік, - деді ол.
Сондай-ақ, Аймағамбетов кітапхана ісіне қатысты да пікір білдіруді ұмытпады. Министрдің пікірінше, кітапхана заманға сай жабдықталып, бала үшін ыңғайлы әрі қызықты болуы тиіс. Оқушы онда кітап оқумен қатар нетворкинг немесе шығармашылық даму дағдыларын игеруі керек.
- Бүгінгі таңда көптеген мектеп кітапханаларының жұмыс форматы ешқандай сын көтермейді, - деді Аймағамбетов.
Одан бөлек, білім министрі жастардың ақпаратты цифрлық технологиялар арқылы пайдаланатынын ескеріп, алдағы уақытта кітапханаларды цифрландыру жоспары бар екенін атап өтті.
- Көркем әдебиеттің электронды нұсқаларын интернет және мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді ету қажет. Бұндай жобалар қазірдің өзінде бар. Олардың авторларымен бірігіп жұмыс істемекпіз. Сондай-ақ, біз геймификация элементтерін қолдануды жоспарлап отырмыз, - деді Аймағамбетов. Министрдің сөзінше, бұл міндеттерді шешу тек білім мекемелерінің ғана емес, ата-аналардың да уақытын және күш-жігерін талап етеді екен. Сол себепті аталған жұмысты олар қолдайды деп үміттенемін, деп сөзін толықтырды Аймағамбетов.
Бүгінде білім және ғылым саласына қарасты 7 096 кітапхана жұмыс істейтіні белгілі болды. Мектептерде – 6 461, колледждерде – 579, жоғары оқу орындарында – 56, сонымен қатар, республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана бар. Білім беру ұйымдарындағы жалпы кітап қоры – 267 325 289. Сонымен қатар, көркем әдебиеттің балалар үшін қолжетімді болуы үшін министрлік арнайы жоба әзірлеген. Жоба аясында білім беру ұйымдарына қарасты кітапханалардың материалдық-техникалық және ақпараттық базасын жақсарту, балаларға арналған көркем әдебиетті жыл сайын сатып алу бойынша шаралар қабылданады.