Майра Мұхамедқызы: Археологиялық қазбалар Шымкенттің қолөнер орталығы болғанын көрсетіп отыр

Қысқаша

Майра Мұхамедқызы: Археологиялық қазбалар Шымкенттің қолөнер орталығы болғанын көрсетіп отыр

Screenshot_8.jpg

Биыл Шымкент қалалық опера және балет театры шығармашылықтың жаңа бір деңгейіне көтерілді. Жыл басында шымкенттің брендіне айналған «Домалақ ана» операсын дүниеге әкелсе, жуырда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын қайта жаңғыртты. Енді 20-21 қараша күндері Е.Рахмадиевтің 90 жылдығына орай «Қамар сұлу» операсын жаңа бағытта көрермен назарына ұсынбақ. Осындай игі істердің басы-қасында жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері, «Тарлан» сыйлығының, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Париждегі «Гранд Операның» Қазақстаннан шыққан тұңғыш әншісі Майра Мұхмедқызы Шымкент қаласы туралы пікір білдірді. 

 Шымкент — қаймағы бұзылмаған қазақы орта. Халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрді дәріптеуі, тілін сақтауы, тарихқа деген құрметі ерекше. Қолөнер ерекше дамыған. Тіптен, археологиялық қазбалар Шымкенттің тарихи сауда, қолөнер орталығы болғанын көрсетіп отыр. Тұрғындардың еңбекқорлығы өз алдына бөлек тақырып. Мұндай өнермен біте қайнасып кеткен ортаның операны жатырқауы әсте мүмкін емес. «Домалақ ана» операсы алғаш сахналанған кезде елдегі пандемияға қарамастан келушілер көп болды. Бұл тұрғындардың өнерге деген, менің, театр ұжымының еңбегіне деген құрметі деп білемін. 

Шетелдерде пьеса жарнамасының өзіне қомақты қаржы қаралады. Премьералардың билеті 1 жыл бұрын сатылады. Ол өнердің ғана емес, сол елдердегі туризмнің де дамыуына ерекше әсер етіп отыр. Қаржы қолбайлау болып тұрған соң, оған көңіл бөле алмай отырмыз. Келешекте жаңа ғимаратта, жаңа бастамалармен жұмыс істеген кезде біз жарнама мен алдын ала билет сату мәселесін де қолға аламыз. Жалпы, жаңа театрды қалыптастыруға арналған өзімнің концепциям бар. Сол кезде көрерменіміз көбейеді деген сенімім мол. Әзірге, кадр қалыптастыру, ішкі іріктеу жұмыстары жүріп жатыр. Шетелде, Италияда оқып жүрген шымкенттік жастар бар. Бұйыртса, сондай дарындарымызды Шымкентті өркендетуге шақырсақ деген ниеттеміз, - дейді опера әншісі.