Шымкентте кәсіпкерлік саласында дүмпу бар. Қалада халық саны өскен соң түрлі өнімдерге деген сұраныс артқан. Халық сұранысын қанағаттандыру мақсатында көптеген кәсіпкерлік жобалар қолға алынды. Ал бұл жобалар қала әкімдігі ғана емес, халық қалаулыларының да бақылауында.
Бұл туралы Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Мұрат Жолдықожаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Бүгін «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Шымкент қалалық филиалының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының орындалуын бақылау мақсатында Шымкент қаласының депутаты, фракция мүшесі ретінде топ мүшелерімен бірлесе өзбекстандық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан «BAIKRA» ЖШС-нің басшысы Парпиев Давронмен кездестік. Жобаның құны 375 млн. теңгені құрайды. Жобаның аясында 50 жұмыс орны құрылады. Бұл жоба 2021 жылдың соңында іске қосылады деп жоспарланып отыр" - деп жазды халық қалаулысы.
"Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағында орналасқан «BAIKRA» ЖШС тұрмыстық және және санитарлы-гигиеналық қағаз өнімдерін шығарады. Мұндай тауарлар сұранысқа ие екені белгілі. Алдағы уақытта шымкенттіктер жергілікті өнімді тұтынатын болады.