Еліміз тәуелсіздігін алған сәтте әлемдегі ең көпұлтты, ең көпдінді мемлекеттердің біріне айналды. Соған қарамастан Қазақстан ішкі тұрақтылықты сақтап келеді. Ел ішінде ұлтаралық қақтығысты болдырмау, ауызбірлішікті сақтауда этномедиаторлардың орны бөлек. Сондықтан олардың жұмысын жетілдіру маңызды. Шымкентте өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация кеңесінің жиынында осы мәселе кеңінен талқыланды.
Мемлекет басшысы этномедиаторлар мен кәсіби келіссөз жүргізушілерді даярлау, оқу орталығын ұйымдастыру жөнінде тапсырған болатын. Ассамблея төрағасының орынбасары Марат Әзілханов осы міндетті іске асыру тетіктерін атап өтті. «Ол орталықта біз өңірлердегі медиациямен айналысатын азаматтарды жүйелі түрде оқытып, даярлайтын боламыз. Басты мақсат – екі адамның арасындағы мәселелер туындаған кезде оны сотқа жеткізбей, аз уақытта тез шешу жолын тауып, халықтың көкейкесті мәселелерін шешу»,– дейді ҚХА төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов.
Жиынға сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Э.Азимова, мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚХА, республикалық медиация кеңесі мүшелері, Медиация орталықтарының басшылары, медиаторлар мен сарапшылар қатысты. Кездесу барысында Мемлекет басшысының этномедиаторлар мен кәсіби келіссөз жүргізушілерді даярлау, этномедиация оқу орталығын ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мәселелері талқыланды. Жиында сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов миллионды қаланың 30 пайызы этнос өкілдері екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы этносаралық қарым-қатынаста медиацияның маңызын атап өтіп, келіссөз жүргізетін кәсіби мамандарды дайындауға басымдық берген болатын. 2018 жылы республикалық мегаполис қатарына қосылған Шымкенттегі 1 млн 112 мыңнан астам тұрғынның 30 пайыздан астамын этнос өкілдері құрайды. Олар сындарлы саясаттың нәтижесінде бір шаңырақ аясында тату-тәтті өмір сүріп, миллионды қаланың түрлі саласында ел игілігі үшін еңбек етіп жүр. Қалалық Ассамблеяға топтасқан 17 этномәдени бірлестік берекелі бірлікке негізделген игі бастамаларға атсалысып, қоғамдық келісімді сақтап, ұлт бірлігін дәріптеуге үлес қосуда. Халық даналығында «Бірлік түбі – береке» деген аталы сөз бар. Сондықтан қоғам мүшелеріне құқықтық тәрбие мен заң талаптарын түсіндіру сынды жұмыстарды ширатуымыз керек. Осы бағытта биыл қалалық ассамблея жанындағы ақпараттық-насихаттық топтың құрамына енген медиаторлар тұрғын алаптарда өткен кездесулерге қатысып, жұртшылық арасында түсіндіру жүргізді. Медиацияны мемлекеттік қызметтер бағытында ілгерілету мақсатында 9 басқармамен өзара ықпалдастық туралы меморандум түзді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде биыл этнос өкілдері арасында орын алған оқиғалардың 11-і медиация көмегімен реттелді, – деді қала әкімі.
Бүгінде Ассамблея құрамында екі мыңға жуық медиатор бар. Олар бес жылда 150 мыңға тарта шағымды қарап, бітімгерлік жұмыстарын атқарған. Ел арасындағы дауларды сотқа жеткізбей, шешімін табуға атсалысты. Сондықтан Ассамблея жанынан этномедиация орталығын құру маңызды дейді жиынға қатысушылар. Елімізде 2011 жылы «Медиация» туралы заң қабылданғалы 5 тамыз Республикалық «Медиация» күні ретінде аталып өтуде. Атаулы мерекеге орай, мегаполисімізде түрлі шаралар да өтіп жатыр. Мәжілісте сонымен қатар, ҚХА медиаторларының құқық қорғау қызметіне қатысу бағыттары, ұлтаралық жанжал жағдайлары кезіндегі медиация тәсілдері, отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және тұрмыстық негізде жасалған қылмыстардың алдын алу мәселелері қаралды.
«Достық үйінде» өткен жүздесуде Марат Алмасұлы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жайын баяндап, өкілдердің атқарған жұмыстарына алғысын білдірді. Келелі кездесу мұнымен біткен жоқ. Ассамблея төрағасының орынбасары журналистер мен блогерлермен еркін форматта әңгіме-дүкен құрды. Еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталып өтті.
Жиынның екінші бөлімін жүргізген қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қоғамдық тұрақтылықты сақтауда ақпараттық-насихаттық жұмысты күшейту керектігін айтты. Басқосуда қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Р.Пак, түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Л.Асанов, татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы А.Мухамедова және Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының жетекшісі З.Оралбаева атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндама жасады. Журналистер қоғамдық келісімді нығайту, ақпараттық саясатты дамытуда бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Алқалы жиын медиация күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының Медиация кабинетінің «Бірыңғай ашық есік» акциясымен қорытындыланды.