Мәдениет саласы бойынша өткен жылы Шымкентте 9 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 10 мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2 ғимарат құрылысы басталмақ. Жұмыс ауқымына қарай 2025 жылға дейінгі аралықта атқарылады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді. Кездесу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы негізінде сұрақ-жауап форматында өтті. Онда мегаполистің мәдениет, спорт және туризм салаларына қатысты келелі мәселелер қозғалды.
Басқосуға Шымкент қаласына қарасты төрт ауданның белсенді тұрғындары мен мәдениет, спорт және туризм саласына қатысты мекеме қызметкерлері қатысты. Жиынды Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Б.Нарымбетов жүргізіп отырды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасымен министрлер өңірлерге келіп, халықпен жүздесіп жатыр. Бұл — мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруда аса маңызды қадам. Бүгін біз министрліктің әр салаға қатысты атқарып отырған жұмысына тоқталамыз. Себебі, оның барлығы өңірлермен тығыз байланысты»., - деді Дәурен Әскербекұлы.
Елімізде кенжелеп тұрған мультфильм саласына соңғы жылдары айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Сапалы туындыларды кішкентай көрермендердің назарына ұсынып жүрген студиялардың аяқ алысы жаман емес. Бұл салада, биыл бірқатар оңды өзгерістер болмақ. Атап айтар болсақ анимациялық киностудиялар ортақ бірлестікке шоғырланып, балаларға арналған рейтингісі жоғары шетелдік фильмдерді дубляж жасауға мемлекеттен қаржы бөлінеді.
Кездесуде министр қазақ мультфильмінің жайына да тоқталып өтті. Айтуынша елімізде қазақ анимациясының шығармашылық бірлестігі құрылмақ. Бұл мекеме биылғы жылы пилоттық жоба ретінде балаларға арналған 10 фильм әзірлеп ұсынатынын айтты. «Биыл біз 10 анимациялық фильм түсіреміз жоба көзделген. Білесіздер анимация түсіру процесі өте ауыр, әрі қиын сондықтан біз қазақ анимация арқылы жас аниматорларды үйретеміз екінші жағынан мемлекет тарапынан азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Мен анимация саласында өзіндік орны бар шымкенттік жігіттердің жұмысымен таныспын. Сондықтан сіздерді «Қазақ анимациямен» бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын»,- деді Д.Абаев. Жиынға қатысқан осы саланың мамандарды да өз ойларын ортаға салды.
«Анимация саласына бөлінген қаржы өз алдына бөлек, сол салаға жетіп отыру керек. Қазақфильм мекемесі секілді Қазақмультфильм мекемесі бой көтеретін болса онда сала және Жаңа Қазақстанда бала тәрбиесінің жақсы болатынына сенімдімін»,- деді сөз сөйлеген «Жебе» компаниясының басшысы Керімбек Ниязбай.
Министр әдебиетті қолдау мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Қаламгерлер мен баспагерлерге мемлекет тарапынан қолдау мақсатында биылдан бастап министрлік алғаш рет «Айбоз» әдеби сыйлығын тағайындап отырғанын айтты. «Қаламгерлер мен баспагерлер мемлекет тарапынан қолдау көрсету мақсатында ұлттық әдеби свйлық тағайындалды. Сыйлық 7 номинация бойынша беріледі. Үздік проза, үздік поэзия, драматругия, әдеби аударма, балалар әдебиеті, комикс және үздік кітап дизайны деген номинациялар бойынша. Сыйлық қоры әр номинацияға 5 млн. теңгеден санағанда 35 млн. теңгені құрайды»,- деп мәлімдеді Абаев.
Министр, Алматы қаласында бастау алған отандық авторлар мен баспагерлерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған кітап жәрмеңесін Шымкент қаласында өткізуді ұсынды.
Кездесу барысында мәдениет және спорт министрі өнер туризм саласындағы жетістер жайына да тоқталды. 2022 жылы сәуір аралығында туристік салаға 75 миллиард теңге тартылған. 26 елмен 80 бағыт бойынша әуе қатынасы келтірілуде. Шетелдік азаматтардың шекарадан құрылық арқылы кесіп өтуіне шектеу алынып тасталғаны да жиында атап өтілді. Ал Мегаполиске саяхаттап келген туристер саны биыл 30 пайызға өсіпті. Шаһардағы тарихи сәулеттік орындар, «Шарықтай бер, Шымқала» фестивалі, гастрономикаялық жәрмеңке, «Қошқарата сейілін» тамашалау үшін соңғы үш айдың ішінде 129 мың шетел азаматты қыдырып келген. Шымкентке саяхаттап келушілер үшін туристік қауымдастықпен келісе отырып, 27 тур-бағыт ұсынылған. Оның 17-сі Шымкентте болса, 10-ы Түркістан облысымен бірлескен бағыт. Олар тарихи-мәдени, экологиялық, экстремальді, өндірістік сынды бағыттарды қамтиды.
«Тарихи-мәдени нысандарға қатысты Шымкенттегі Сайрам өлкесін атап өткен жөн. Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибрагим ата мен анасы Қарашаш ана кесенелерінің аумағын қалпына келтіру бойынша эскиздік жоба әзірленіп, заманауи жолсілтегіштер, стендкарталар орнатылып жатыр. Биыл шымкентке 3 айда 97 мың жуық турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 129 пайызға артқан, - деді министр. Сонымен қатар алдағы уақытта туристерді қызықтыру мақсатында үшінші мегаполисте мобилография фестивалі, шопинг туризмінің апталығы, фильмдердің саунд трегінің концерті, этно экскурсия секілді тартымды шаралар ұйымдастырылмақ.
Абаевтің сөзінше, осы жылдан бастап мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақасы өскен және 2025 жылға дейін тағы артады. «Биылдан бастап мәдениет, архив ісі қызметкерлерінің саны 2025 жылға дейін орта есеппен 20 пайызға жыл сайын арттыру көзделген. Өткен жылдан бастап сала қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50 пайызға, өңірлік деңгейде 35 пайызға артқанын атап өткім келеді» - деді ол.
Министр спорт саласындағы негізгі бағыт «Дені сау ұлт» жобасында айқындалғанын атап өтті. «2025 жылға дейін спортпен жүйелі түрде айналысатындар санын 50 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Былтыр еліміздің шалғай аудандарында 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында арнайы жоспар түзіліп, 2025 жылға дейін 113 спорт нысанын салу, 21 ғимаратты жаңғырту және 6 нысанды қайта жарықтандыру мәселесі қаралып отыр. Шымкентте ат спорты түрлеріне арналған ипподром салынып жатыр», - деді Д.Абаев.
Кездесуде қойылған сауалдардың бәрін мұқият тыңдаған , көп сұраққа сол жерде жауап беріп, министрлік құзіретіне кіретін мәселелердің алдағы уақытта шешілетінін жеткізді. Ал, жергілікті билікке қатысты шаруалар Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновпен кездесу кезінде талқыланбақ.
Жиыннан соң министр Шымкент қаласы азаматтарын жеке қабылдады.
Онда негізгі сұрақтың дені Артспорт туралы болды. Дәурен Абаев секцияға жалпы ереже бойынша балалардың 4 жастан бастап 17 жасқа дейін қатысуы тек бірнеше спорт түрі ғана бойынша болуы керектігін атап өтті. Себебі, бокс секілді денсаулыққа қауіпті спорт түріне балаға тек 12 жастан бастап қана рұқсат беріледі.
«Мысалы, 4 тен 17 жасқа дейін рұқсат деп айтылған. Бірақ өзіміздің зерттеулеріміз бойынша біздің басқа бұйрығымыз бар министрлікте. Мысалы, көркем гимнастикада 4 жастан рұқсат, бірақ бокста тек 12 жастан рұқсат. Бірақ қазір кейбір азаматтар 7-8 жастан бастап азаматтарды боксқа ала береді. Ол балалардың денсаулығына кейін зиян келуі мүмкін»,- деді ол.
Алдағы уақытта «Артспорт» бағдарламасы аясында жүйеге бірнеше өзгеріс енеді, ал жаттықтырушылар мен оқытушыларға талап күшейтіледі. Министр Абаев бағдарламаның жабылуына еш негіз жоқ екенін, ары қарай жұмыс жалғаса беретінін атап өтті.
Сонымен қатар, спорт министрінің сөзінше аталған жоба тек балалар жылында ғана емес, алдағы уақытта да жалғасын тауып заң аясында жұмысын жалғастырады. Ал жоба бойынша ешқандай мамандарды қысқарту болмайды, тек бірқатар үйірмелер бірігуі мүмкін.
Шырайлы Шымкентке жасаған сапары барысында министр құрылыстары қарқынды жүріп жатқан бірнеше спорттық нысанды аралап, болашақта бой көтерер бұл спорт сарайлары әлі талай мықты чемпиондарымызға тұғыр болатынына сенім білдірді.
Сонымен қатар, қала маңында орналасқан ауылдық жерлердегі этно-музей, суретшілер үйі сияқты мәдени орындарға арнайы барды. Жергілікті қолөнер иелері мен қылқалам шеберлерінің небір ғажап туындыларын тамашалады.
Бұдан бөлек, Д.Әскербекұлы сапар барысында киелі орындарға баруды да ұмытпады. Алдымен әулие Қожа Ахмет Яссауидің ата-анасы Ибраһим ата мен Қарашаш ананың кесенелеріне зиярат етіп, құран бағыштады. «Жалпы, Сайрам топырағы ежелден сансыз баптардың мекені саналады. Кей деректерде бұл шаһарды ежелгі Исфиджаб қаласы деп те атайтынын білдік. Айтпақшы, Сайрамға жолы түскен адам Ибраһим ата мен Қарашаш ана кесенелерімен қатар Қызыр әулие мұнарасына да соқпай кетпеуі керек. Жалпы, тасын түртсең тарихы тіл қататын Шымкент топырағында мұндай киелі орындап өте көп. Біздің міндет – болашақ жастарымызды осынау тамыры терең тағылымды тарихпен сусындата отырып, кемел болашаққа нық қадам бастыру. Сол жаңа бетбұрыстарды бірге жасауымыз керек»,- деп сөзін түйіндеді министр.