Әрбір оныншы мектеп Шымкентте салынады

Қысқаша

Әрбір оныншы мектеп Шымкентте салынады

Screenshot_3.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұрпағымызға сапалы, халықаралық талаптарға сай білім беруге барынша көңіл бөлуде. Әсіресе білім беру мекемелері саналатын мектептердің жеткілікті, қолжетімді болуына айрықша назар аударып, Қазақстанда 2025 жылдың соңына дейін 1000 мектеп салуға тапсырма да берді. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президентіміз «Орта білім беру жүйесінің өткір проблемасы — мектептерде орын жетіспеушілігі болып отыр. 225 мың орын тапшы. Шұғыл шаралар қолданылмаса, 2025 жылға қарай ол миллион орынға жетуі мүмкін. Бұған дейін мен 2025 жылдың соңына дейін кемінде 800 мектеп салуға тапсырма берген едім. Бүгін 1000 мектепке дейін жеткізу міндетін қоямын», — деген болатын. Сондықтан дәл қазір елімізде білім беру мекемелерінің жеткілікті болуына, қолда бар мектептердің талапқа сай болуына айрықша мән берілуде. 

Үшінші мегаполисте  халықтың миграциялық және демографиялық өсіміне байланысты жыл сайын оқушы саны 15 мыңға артуда.  Әрине мұндай жағдайда мектепке деген сұраныс та жоғарылай түспек.  Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкентте білім ұйымдарында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.  Әне-міне дегенше жаз да өтіп, қыркүйек те жетіп келеді. Сондықтан мектеп құрылысы әрдайым қала әкімі Мұрат Әйтеновтың назарында. 

Президент Жолдауында  айтылғандай 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу тапсырылған болса  оның ішінде әрбір 10-шы, ол 101 мектеп, Шымкент қаласында салынатын болады.

 Мамандардың мәліметінше  өткен жылы мегаполисте 32 мектептің құрылысы жүріп 11 764 орындық 25 жаңа мектеп ашылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеп, апатты мектептер жойылған. Ал  биыл 11 білім ошағының құрылысы жалғасуда, жыл соңына дейін 6 мектеп ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда   бюджет есебінен 5 мектептің жанынан 300 орындық қосымша құрылыс жүргізілуде. Себебі бұл мектептер қазіргі таңда 3 ауысымды білім беруде. Нәтижесінде қалада үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейді.  

Апта басында шаһар басшысы құрылысы жүріп жатқан бірқатар білім ошақтарын аралап, құрылыстың жұмыс барысымен танысты. 600 орындық № 45 мектеп-гимназиясының жанына салынып жатқан қосымша құрылыс алаңына барған әкім жұмысты  мерзімінде әрі сапалы орындалуын тапсырды.  Құрылыс Ш. Қалдаяқов көшесінің бойында 1,2909 га жер аумақта жүргізілуде. 

300 орындық жапсарлас ғимараттың бас мердігері – «ЖАҢА АРНА 2002» ЖШС-ы. Жоба бойынша мұнда жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы қарастырылған. Әрбір сынып 25 оқушыға шақталған 12 сынып болмақ. Сонымен бірге қосымша 33 жаңа жұмыс орны құрылады. Құрылысы наурыз айында басталған нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.

Ал қаладағы С.Нұрмағамбетов атындағы №72 жалпы орта білім беретін мектептің сыйымдылығы 1200 оқушыға арналған. Білім мекемесінде 3 556 оқу жылын аяқтады. Оқушы саны шамадан тыс көп болғандықтан қосымша ғимарат қажеттігі туындаған. 

Қала әкімі білім нысандарын аралау барысында №72 мектептің қосымша ғимарат құрылысын да көрді.  Жаңадан салынып жатқан оқу корпусының сыйымдылығы 375 орын. Екі ауысымда 700 жүзден аса оқушы білім алуға болады. Қолданысқа берілген нысанда балалардың білім алуымен бірге 27 жаңа жұмыс орны ашылады.  Үш қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы 1350,74 шаршы метр. Құрылыс жұмысы осы жылдың наурыз айында басталған. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылдың тамызына жоспарланып отыр. 

Сонымен қатар қала әкімі  №65 мектеп-гимназиясының қосымша ғимарат құрылысымен де танысты. Сайрам шағынауданында орналасқан білім ұйымына оқушы санының артуына байланысты ғимарат қажеттілігі туындаған.  2021-2022 оқу жылында бұл  мектепте 3 268 оқушы білім алды. Сыйымдылығы 1251 оқушыға арналған ғимаратта 3 ауысымда сабақ жүргізілген. Жаңа ғимарат бой көтерсе, екі ауысымда мыңнан аса оқушы білімін жалғастыра алады.

Жобада 25 оқушыға лайықталған 24 сынып бөлмесі, ашық спорт алаңы, онда футбол мен жүгіруга арналған арнайы жол және есік алдына субұрқақ, қоқыс контейнерлеріне арналған орын қаралып отыр. 

Қосымша ғимарат қажеттілігі жөнінде 2021 жылы сынама өткізіліп, оң қорытындысы шыққан. Қазір құрылысқа бөлінген жер көлемінің аумағы 0,92 га, құрылыс ауданы 1995,85 шаршы метрді құрайды. 

Осы жылдың наурыз ауында басталған жұмыстар 2023 жылдың тамызында пайдалануға берілмек. 

Кеңейіп жатқан білім ошақтарының қатарында Шаяхметов көшесі бойындағы №46 жалпы білім беру мектебі де бар.  Бүгінде құрылыс жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде, 300 орындық нысанды пайдалануға беру ағымдағы жылдың жаңа оқу жылына жоспарланған. Тиімді білім беру үдерісін ұйымдастыру үшін жайлы кабинеттік қор, 10 мың кітап қорына арналған кітапхана, спорт және 110 орындық асхана тағы басқалары қарастырылған. Барлық оқу аудиториялары заманауи құрылғылармен жабдықталатын болады. Жаңа ғимарат құрылысы аяқталуымен 38 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Салаға жауаптылар қалада үш ауысымдағы мектептер және  мектебі жоқ шағын аудандар мәселесін мәселесін 2023 жылға дейін, ал орын тапшылығын (дефицит) 2025 жылға дейін  толығымен шешеміз деп отыр. Ал жалпы Шымкент қаласында 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 75 015 орынға арналған 77 мектеп салу жоспарланған. Оның 54-і мемлекет есебінен болса, 4-уі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, ал 19 мектеп жеке инвесторлар есебінен бой көтермек. 

Инвестор демекші, жылдан-жылға халық саны көбейіп жатқан Шымкент қаласында мектепке деген сұраныс та артып келе жатқаны мәлім. Осыны ескерген бизнес өкілдері соңғы кездері білім ошақтарының құрылысына қаржы сала бастады. Қазір үшінші мегаполис жекеменшік инвесторлардың есебінен салынып жатқан мектеп құрылысы бойынша елімізде көш бастап тұр.  Қалада құрылысы жүріп жатқан 11 мектептің есебімен жекеменшік білім мекемесінің саны биыл  62-ге жетеді.

Жан басына қаржыландыру тетігі - бұл инвесторлардың қатысуымен жекеменшік мектептер санының өсуіне әкеледі.  Жеке мектептер санын көбейту - бюджетке түсетін жүктемені төмендетуге, орын тапшылығын азайтуға, білім сапасын жақсартуға және педагог мәртебесін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Ал, бұл инвестор үшін тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақ мерзімді бизнес жоба болып табылады.

Инвесторлар есебінен салынып жатқан мектептің бірі — Ақжайық мөлтек ауданында орналасқан «PARASAT AJ» жекеменшік мектебі. Білім ошағы 1500 оқушыға арналған.  Материалдық-техникалық базасы мықты мектепте оқу баланың ынтасын арттырып, зейінін ашады.  «PARASAT AJ» – бұл 5 негізгі бағыт бойынша оқушылардың практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған жекеменшік мектеп. Мұнда тегін, сапалы білім және art & sport дағдыларын дамытуға мүмкіндік бар.

 Сондай-ақ бүгінде шаһарда «AСADEMY OF GOLDEN KIDS» жекеменшік мектептің құрылысы жүруде. Достық шағын ауданында салынып жатқан мектеп 1045 оқушыға шақталған. Заманауи үлгіде білім ошағында барлық қажетті құрылғымен қамтылған физика, химия, биалогия кабинеттері, бір спорт зал, екі спорт алаңы, кітапхана, АКТ зал, шеберхана мен медкабинет және асханамен қамтылады. Білім ұясы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп күтілуде. 

Білім ошақтарымен қатар шымқалада Оқушылар сарайының құрылысы басталғанын айта кетейік. Нұрсәт шағынауданындағы жобаның құны 8,3 млрд. теңгені құрайды. Мердігер мекеме BI Group компаниясы. Жобасының жетекшілерің  айтуынша, нысан 2023 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Жоспарға сәйкес нысан құрылысына 600-800 адам жұмысқа тартылмақ.  Үш қабаттан тұратын, сыйымдылығы 500 оқушыға арналған ғимараттың жалпы ауданы 9800 шаршы метрге тең. Қала үшін Оқушылар сарайының әлеуметтік маңыздылығы жоғары. Өйткені онда балалардың зейінін ашатын түрлі үйірмелер жұмыс істемек. Мәселен, қолөнер, ІТ технологиясы және тағы басқа осы секілді үйірмелерді атауға болады. Сонымен бірге Оқушылар сарайында бассейн де қарастырылған. Бұған қосымша қаншама спорт үйірмелері де ашылады. 

Мамандардың айтуынша тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласының білім саласы үлкен жетістіктерге қол жеткізген.  Осыдан отыз жыл бұрын қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп болса, қазір 233 мыңнан аса оқушы оқитын 203 мектеп бар.